Сенат депутаттары сайланды

Сенат депутаттары сайланды

Еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының сайлау науқаны өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Ернұр Айткенов Павлодар облысынан сенатор болып сайланды. Павлодар аудандық мәслихатының депутаттары толық құрамда дауыс берді.

 

Өткен сенбіде дауыс беру үшін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары Естай атындағы мәдениет үйінің мәжіліс залына жиналды. Өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова хабарлағандай, тізімге енгізілген 187 таңдаушының 170-сі дауыс беруге қатысты.

Бұдан әрі Гүлнар Қабиденқызы кандидаттардың тізімін жариялады. Облыстық мәслихаттың хатшысы Ернұр Айткенов Аққулы, Тереңкөл және Май аудандарынан ұсынылды. Облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова өзін-өзі ұсынған. Бұған дейін Успен ауданының әкімі Николай Дычко, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Мүслім Махмудов, Железин аудандық мәслихатының хатшысы Палина Лампартер өз кандидатураларын берген болатын, бірақ кейіннен оларды тіркеу тоқтатылды.

Сайлаушыларды кандидаттармен, сайлау мерзімдерімен және сайлау тәртібімен таныстырғаннан кейін дауыс беру рәсіміне кірісті. Бірінші болып облыстық мәслихат пен Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының депутаттары өз дауыстарын берді. Кейін аудандардың халық қалаулылары дауыс берді.

170 депутаттың дауысын санау нәтижесінде 148 – і Ернұр Айткеновке, 21-і Динара Айтжановаға дауыс берді, бір адам барлығына қарсы дауыс берді.

Сайлау қорытындысы бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып Ернұр Нұрмұханұлы сайланды. Ол әріптестеріне жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтардың әл-ауқатын, медицина, білім беру, абаттандыру және әлеуметтік қолдау мәселелерін бірінші орынға қоя отырып, алдағы жұмыстарға бар күш-жігерін салатынын атап өтті.

Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы Вера Гейнц түсіндіргендей, Парламент Сенатының депутаттарын сайлаушылар – мәслихаттардың депутаттары болып табылатын республика азаматтары сайлайды. Сонымен қатар, бұл сайлау үш жыл сайын өтеді.

– Павлодар облысынан екі депутат бір мезгілде сайланбайды. Мысалы, 2020 жылы Павлодар облысынан Алтынбек Нұхұлы сайланды. Оның өкілеттіктері сәйкесінше 2026 жылы аяқталады. Саясаттанушылар 2023 жылы жаңартылған Сенат халыққа жақын болуы керек деп санайды. Сенат сайлауы өткеннен кейін сарапшылар Жоғарғы Палата депутаттары не істеп жатқанын көрсету арқылы халыққа жақын болады деп үміттенеді. Сонымен қатар, сенаторлар өздері сайланатын өңірлердің тұрғындарының мүдделерін көрсетуі тиіс, - деп атап өтті Вера Александровна.

Аудандық мәслихаттың жас депутаттары Мадина Жұмадиева мен Еламан Асылбеков жаңадан сайланған сенатордың ел игілігі үшін жемісті жұмыс істейтініне сенім білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес 2022 жылғы 5-ші маусымдағы референдумнан кейін енгізілген өзгерістермен Сенатты әр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасының астанасының атынан екі адамнан тұратын депутаттар құрады. Сенаттың он депутатын Мемлекет Басшысы тағайындайды. Оның бесеуі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерін сақтау қажеттілігін ескере отырып тағайындалады. 2023 жылдың 14 қаңтарында сайланған депутат 2029 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істейді.