Сан қыранды самғатқан алтын ұя

Сан қыранды самғатқан алтын ұя

Богдановка ауылының мектебінде үлкен қуаныш. Көптеген шәкірттердің зейінін ашып, үлкен өмірге жолдама берген киелі білім ордасы 50-жылдық мерей тойын атап өтті.

 

Жарты ғасырға жуық ғұмырында 50 рет алғашқы қоңырауы мен 50 рет соңғы қоңырауын соққан білім ошағы қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді. Мектептен түлеп ұшқан түлектердің ішінде биіктің биігін, шыңның шыңын бағындырған шәкірттері қаншама. Қуанышқа ортақтасып, Павлодар ауданының әкімі Ержан Иманслям, аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуреш Қалиева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дмитрий Корепанов, «Луганск» ӨК төрағасы Петр Кузьменко, Луганск ауылдық округінің әкімі Вадим Щеглов, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сандуғаш Матаева, аналар кеңесінің төрайымы Нина Кузьменко, ардагерлер кеңесінің төрайымы Екатерина Прищепная сондай-ақ педагогикалық еңбек ардагерлері мен түлектер ыстық ықыластарын білдірді.

- Богдановка мектебіне 50 жыл толып отыр. Бұл – үлкен белес. Осы жылдар ішінде мектеп нығайып, мықты мұғалімдер құрамын қалыптастырды, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін тапты, баға жетпес тәжірибе жинақтады! Оқу орнының әрі қарай дамып, жаңа буынының өсіп шығуына тілектеспін!, - дейді Ержан Иманслям.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуреш Қалиева Богдановка мектебінің дәстүрлері бар екенін және ауыл тарихы келер ұрпақтың жадында сақталуы үшін мұнда ауыл тұрғындары мен педагогтарының күшімен мұражай құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Зәуреш Жақсылыққызы тамаша жаңалықпен бөлісті - биыл Богдановка мектебіне күрделі жөндеу жобасын құруға қаражат бөлінді. Сметалық құжаттама әзірлену үстінде, алдағы бір-екі жылда оқу орны күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Зәуреш Қалиева материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін 100 000 теңге ақшалай сертификатты табыстап, аудандық мәслихат хатшысы Вера Гейнц пен Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытбек Баткеевтің атынан құттықтау хатын оқыды.

Мектеп директоры Төлеген Байзақов барлық қатысушыларды керемет мерекемен шын жүректен құттықтап, туған мектебінің қабырғалары әр оқушы білім ала алатын, дами алатын, жетіле алатын, өсіп, алға жылжи алатын орын болып қала беруін, ең бастысы – түлектер өз бастауларын және оларға бастауға көмектескендердің барлығын ұмытпауын тіледі.

Әлемнің түкпір-түкпірінде - Германияда, Ресейде, Кипрде тұратын мектеп түлектерінен құттықтау және мектеп тарихы мен оның мұғалімдері туралы бейне презентация жиналғандар үшін тосын сый болды. Мектеп түлектері өткен оқу жылдарын ыстық ықыласпен, алғыс сезіммен және жылы лебізбен еске алып отырды. Мектеп жылдарын ерекше жылылықпен еске алып отырған түлектер үшін де аталмыш мерейтойдың маңызы зор.