Жақсы ниет - жақсылыққа жетелейді

Жақсы ниет - жақсылыққа жетелейді

Жыл сайын елімізде меценаттық пен қайырымдылық қызметін дамытуға елеулі үлес қосқан адамдарды үлгі ету мақсатында «Жомарт жүрек» қайырымдылық саласындағы қоғамдық сыйлықты алуға арналған іс-шаралар өткізіледі.

Павлодар ауданының өкілдері конкурсқа белсенді қатысып, түрлі номинациялар бойынша республикалық сыйлыққа өтінімдерін берді. Өткен дүйсенбіде «AMANAT» партиясының аудандық филиалында «Жомарт жүрек» сыйлығының аудандық кезеңінің номинанттарына құрмет көрсетіліп, «ХХІ ғасырдың көшбасшы әйелдері» жобасы бойынша ауданның табысты әйелдеріне естелік сыйлықтар табысталды.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов құттықтау сөз сөйледі.

– «Жомарт жүрек» қайырымдылық сыйлығын табыстаудағы мақсат – қайырымдылық қызметінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген меценаттарды табу және ынталандыру, оларға өзгелердің назарын аудару арқылы қоғамда жақсылықты, мейірімділікті насихаттау. Ауданда осы жобаны іске асыру мен ілгерілету процесіне өңірдің белсенді азаматтары ерекше белсенділікпен, жігерлілікпен қатысып, азаматтық тұлғасын қалыптастырған жандар белсенді атсалысуда, - деді Қайрат Қайыржанұлы. - Олардың ісін осылай өзгелерге үлгі етіп отыру – адамгершілікті, мейірімділікті насихаттау болып табылады. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысатын Григорьевка ауылдық округінің кәсіпкерлері Тұрлыбаевтар отбасы ауыл өміріне белсенді қатысады. Аудандық мәслихат депутаты Рахат Тұрлыбай «Туған өлке» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңінің лауреаты атанды. Бұл біздің аудан үшін маңызды оқиға.

Қайрат Нұрмағамбетов мейірімділік құндылықтары мен қайырымдылық идеяларын ілгерілетуге белсенді қатысатын, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге әрқашан дайын азаматтарға алғысын білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыстады.

«Жылдың үздік қамқоршысы» сыйлығын Кемеңгер ауылдық округінің «Қанафина» ЖК басшысы Светлана Қанафина иеленді. «Жыл тұлғасы» ретінде Луганск ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы, «Бұлақ» балабақшасының меңгерушісі Нина Кузьменко танылды. «Жыл меценаты» таңдауына Ефремовка ауылдық округінің «Рахманов» ШҚ басшысы Сұңғат Рахманов лайық деп танылған. «Туған өлке» марапатына Григорьевка ауылдық округінің кәсіпкері, Павлодар ауданы Кәсіпкерлер Палатасы филиалының директоры, аудандық мәслихат депутаты Рахат Тұрлұбай ие болды. Ал, «Жылдың үздік ұйымы» болып Чернорецк ауылдық округінің тұрғыны Есемжан Мақаштың  «Мақаш» ШҚ танылды.

Сондай-ақ, бұл күні республикалық жобаның қорытындысы бойынша жарық көрген «ХХІ ғасырдың көшбасшы әйелдері» кітабына есімдері енген қымбатты әйелдерімізге құрмет көрсетілді. Өмірге деген құлшынысы бар, бір орында тұрып қалуды қаламайтын, өзін де, өзгені де өзгертуге ұмтылатын, ерік-жігері мықты жандарды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов құттықтап,  естелік сыйлықтар мен гүлдерді табыстады. Павлодар ауданының Құрметті азаматы, Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, корей ұлттық этномәдени орталығы ның төрайымы Светлана Шин, Луганск ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Нина Кузьменко, «Қанафина» ЖК басшысы Светлана Қанафина және Чернорецк ауылдық округінің «Достық» ШҚ басшысы Сәния Байдалинова марапатқа ие болды.

Аудандық мәслихат хатшысы Вера Гейнц әйелдерді ерекше жылулықпен құттықтап, қоғамның, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарды атап өтті. Сонымен қатар, ауданымыздың белсенді әйелдеріне тәнті екенін білдірді.

Ауылдастарымыздың белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны игі істерге демеуші болады, – деді Вера Александровна.