Әрбір азаматтың дауысы маңызды

Әрбір азаматтың дауысы маңызды

 

Президент сайлауы әрбір елдің өміріндегі аса маңызды оқиға. Бұл сайлау мемлекетіміздің одан әрі дамуына серпін береді. Әр сайлау – азаматтық қоғамның ілгерілегенін көрсететін сынақ.

 

Павлодар ауданы бойынша 30 сайлау учаскесінде дауыс беру өтті. Дауыс беруге ар­налған сайлау учаскелерінің барлығы жергілікті уақыт сағат 7:00-ден бастап сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Біз барған сәтте Кемеңгер ауылдық округінің №397 сайлау учаскесінде дауыс беру үшін кезекке тұрғандар санының көп екенін байқадық. Тұрғындар дауыс беріп, Ата Заңда көрсетілген азаматтық парыздарын атқарған. Сайлау учаскесінде отырған бақылаушылар да еліміздің кемел келешегі үшін атқарылған маңызды сәттің талапқа сай, үлкен ұйымшылдықпен өтіп жатқандығын баяндап, әсіресе, жастардың белсенділігіне деген ризашылықтарын жеткізді.

– Бүгінгі сайлаудың басты мақсаты – сайлауымызды тыныш өткізіп, халықтың игілігіне қызмет етсе екен дейміз. Біздің сайлау учаскемеміз ереже бойынша таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Сол сәттен бері тұрғындар ағылып келіп, азаматтық парызын өтеп жатыр. Өз таңдауларын жасауда. Оларға тұрғылықты мекенжайы бойынша мамандар қызмет көрсетуде, – дейді №397 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерсаин Дюсенов.

Сайлаушылардың ішінде мүгедектігі бар азаматтар да дауыс берді. Сайлау учаскелері қажеттіліктеріне орай арнайы кабинкалар, құлаққаптар, ұлғайтқыш әйнектер, аудио және видеобағдарламалармен жабдықталды.

Бүгін Мерейлім Айтжанова үшін ерекше күн. Ол сайлауға алғаш рет қатысып,  дауыс беру құқығына ие болды. Өз таңдауы арқылы ел үшін маңызы бар науқанға тамшыдай үлес қосқанына қуанышты.

– Мен кәмелетке толып бірінші рет қатысып отырмын. Өзімнің де үлес қосқаныма ризамын және берген дауысым аз да болса сайлау қорытындысына ықпал етсе деймін. Туған елінің болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азамат бүгінгі маңызды саяси науқаннан қалыс қалмауы керек, - деп отбасымен бірге саяси науқанға алғаш қатысқан Мерейлім Айтжанова өз әсерімен бөлісті.

Кемеңгер ауылдық округінің зейнеткері Төлеужан Жартыбаев жұбайымен және немересімен келіп, өз таңдауын жасады.

– Мен елімізде осындай маңызды саяси науқанда өз таңдауымды білдіруді жөн санадым. Немерем Еркебұлан да сайлауға қатысып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге ниеттенді. Өсіп келе жатқан ұрпақ алаңсыз бақытты өмір сүрсін, - дейді Төлеужан Мұхамедханұлы.

Шақат ауылдық округінің №401 сайлау учаскесінде де халық Қазақстанның болашағы, еліміздің дамуы үшін біркісідей дауыс берді. Ауыл тұрғындарында бірлік пен ұйымшылдық бар екені айқын аңғарылады. Өйткені, таңертеңнен халық кезек-кезегімен дауыс беріп жатты. Бұл Павлодар ауданының өз келешектеріне жауапкершілікпен қарайтынын, азаматтық тұрғыдан белсенді екендігін көрсетеді.

– Дауыс беру үрдісін жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Сайлау заң талаптарына сәйкес өтуде. Сайлау кезеңінде құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Сайлау учаскесі комиссиясының мүшелері денсаулығына байланысты үйлерінде отырған ардагерлер мен зейнеткерлердің де дауысын жинады, - деді №401 сайлау учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжан Байсұлтанова.

Сайлауда дауыс берудің зор жауапкершілік екенін әрбір Павлодар ауданының тұрғыны саналы түрде түсінгендей. Өйткені, айтулы шараға халық ауызбіршілікпен жұмыла ат салысты. Осылайша, аудан жұртшылығы ел болашағына немқұрайлы қарамайтындықтарын білдірді.