Мичурин мектебі - ең үздік білім беру ұйымы

Мичурин мектебі - ең үздік білім беру ұйымы

Естай атындағы Мәдениет сарайында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында ұстаздар қауымының дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Алдағы оқу жылына мақсаттар мен міндеттер қойылып, аймағымыздың үздік педагогтары марапатталды. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қолынан марапат алғандар қатарында біздің ауданымыздың ұстаздары бар екенін сүйіншілей хабарлаймыз.

 

Аймақ басшысы Кемеңгер ауылында орналасқан «Ertis» ЖИАК техникалық пәндер оқытушысы, ауданымыздың Құрметті азаматы Төлеу Әріпбаев кеудесіне Қазақстан ағарту Министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін тақты. Оқытуда және тәрбиелеуде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Павлодар облысы әкімінің арнайы гранты «Ауыл мектептері арасында орта білім беру саласындағы ең үздік білім беру ұйымы - 2022» аталымы бойынша Мичурин жалпы орта білім беру мектебіне табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің Алғыс хатымен Луганск жалпы орта білім беру мектебінің математика пәні мұғалімі Жаңабай Шынболатов марапатталды.

Төлеу Әріпбайұлы бүкіл өмірін педагогикаға арнаған жан. 1970 жылы Павлодар индустриалды институтын бітіріп, инженер-механик дипломын алып, Шарбақты техникумына жұмысқа орналасты. Ал «Ertis» ЖИАК-та (Красноармейка аграрлы-техникалық колледжі) Төлеу Әріпбайұлы 1980 жылдан бастап жұмыс істейді, сонымен қатар 1989 жылдан 2011 жылға дейін аталмыш колледж директоры болды. Төлеу Әріпбайұлы жетекшілігімен колледждің оқу-материалдық базасын, кадрлық әлеуетін сақтау, нығайту және жетілдіру, оқу-тәрбие үдерісіне оқытудың жаңа технологиялары мен әдістемелік жүйелерін енгізу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Төлеу Әріпбайұлы ең батыл педагогикалық міндеттерді шеше алатын, тұрақты, жұмысқа қабілетті ұжым құрды. Осы күнге дейін ол өзінің білімімен, тәжірибесімен студенттермен және әріптестерімен бөлісіп келеді.

Ерекше марапатқа ие болған Мичурин мектебінің басшылығы қажырлы еңбектің арқасында келген қуаныш деп біледі.

- Білім саласында қызмет етіп жатқаныма 42 жылдың жүзі болды. Мичурин мектебінде 11 жыл басшымын. Білім ошағының бүгінгі таңдағы жетістігі – ұзақ жылғы қажырлы еңбектің жемісі деп білемін. Білікті ұстаздарымыз бен білімді шәкірттеріміздің түрлі додаларда көрсетіп жатқан нәтижелерінің арқасында ауданымыздың білім саласы тарихында болмаған марапатқа қол жеткіздік. Күні кеше аймағымыздың тоғыз ауданының беткеұстар ауыл мектептерімен 11 критерий бойынша бәсекеге түсіп, үздік деп танылдық. Мектебімізден екі жыл қатарынан «Алтын белгі» иегерлері, үш жыл қатарынан қызыл аттестат түлектері шығып, бес жыл бойына түрлі пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жеңімпаздарын әзірлеп келеді. Ұстаздарымыз мемлекеттік марапаттар иегерлері. Білім, тәрбие, шығармашылық – бәрі де қамтылған. Бірнеше жыл қатарынан «Жасыл желек» облыстық байқауының жүлдегерлеріміз. Биылғы жылы аймағымызда 1 орын иегері атандық. Білім мекемелерінің іші-сырты жайнап тұрса, ұстаздар мен балалар оған әрине, қуана келеді. Мектеп ауласының жасыл желекке орануы ұстаздар мен оқушыларымыздың еңбегі. Біздің ұжым «бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығаратын» бірлігі жарасқан жандар. Ұстаздарымыздың жазғы демалысы да біз үшін маңызды. Сондықтан былтыр Баянауылға барсақ, биыл Бурабайға саяхаттап, Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, демалып қайттық. Келер жылы киелі Түркістан қаласына барамыз деген жоспарымыз бар. Ал мектебімізге бұйырған қаражат материалдық-техникалық базамызды жаңартуға жұмсалатын болады, - деп бөлісті Мичурин жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айнаш Абдыманова.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған Луганск жалпы орта білім беру мектебінің математика пәні мұғалімі Жаңабай Шынболатов ұстаздық жолда 10 жыл қызмет етуде. Ташкент облысының тумасы 2006 жылы отбасымен біздің жаққа қоныс аударып, 2011 жылы ПМПИ-ді математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, Ақмола облысы Степногорск қаласында еңбек жолын бастаған. Бір жылдан соң, Луганск білім ошағына математика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жас маман ретінде баспанамен, көтерме ақымен қамтылады. Жұбайы Әсел де осы білім ошағында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Үш ұл тәрбиелеп отырған үлгілі жас отбасылардың бірі.

Жаңабайды «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан ретінде танимыз. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, домбыра шертіп, өлең шығаратын қасиеті де бар. 2013 жылы оқушысы өлең жазып, облыста 1 орын алған екен. Ол сонымен қатар, аудандық түрлі шаралардың жүргізушісі болғанын да көріп жүрдік.

- Қазір шығармашылықпен айналысуға қол тие бермейтіндіктен, кейде бір шабытым келгенде сіздердің газетке мақала жазып жібергім-ақ келеді. Бұрын жиірек жазып тұратын едім. Ол жағы да қалып барады. Бұған да бірдеңе түрткі болатыны рас қой. Оқушыларым жақсы жетістіктерімен қуантып жатса, алда міндетті түрде сіздермен бөлісемін. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында үш оқушым ҰБТ-дан жоғары бал жинап, грантқа оқуға түсті. 2021-22 оқу жылында тағы бір шәкіртім Назарбаев университетіне түсті. Сөйтіп, қала баласының арманына дала баласы жетті. Қуаныштымын. Облыс әкімінің қатысуымен өткен тамыз кеңесіне қатысып, марапатқа ие болып, ерекше әсерге бөлендім, - деп бөлісті.

Жиын барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов білім саласына қатысты эмоционалдық тәрбиеге ерекше мән беру керек екенін атап өтті. Эмоционалды тәрбиенің мақсаты - баланы өз эмоцияларын түсінуге және толық білуге үйрету. Сондай-ақ басқаларға жанашырлық таныту. Егер бала жанашырлық таныта алмаса, туған жерге және отандастарына деген ыстық сезімін ояту қиын екені белгілі, - деді аймақ басшысы. Ол америкалық ғалымдардың 20 жылдан астам жүргізген зерттеулері әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары бар студенттер орта есеппен алғанда эмоционалдық тәрбиесіз құрдастарымен салыстырғанда стандартталған тестілер бойынша 11% жоғары балл алатынын көрсеткен. АҚШ және Еуропа ғалымдары да әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары бар жасөспірімдер арасында есірткі қолдану және девиантты мінез-құлық жағдайлары басқа тест-тобына қарағанда 6% аз екенін анықтаған. Ал психологиялық бұзылу жағдайлары 13,5%-ға төмен болған.

Аймақ басшысы балаларды кітап оқуға тарту қажет екенін бөле атап, кітапханалар мен театрлардың бірігіп әрекет ету қажеттігін алға тартты.

- Неге кітапханалар театрлармен бірігіп кітаптар бойынша шағын спектакль немесе поэтикалық батл ұйымдастырмасқа? Актерлер Абай, Торайғыров, Пушкин, Лермонтов, Шекспир образдарында шығуына болады. Немесе, мысалы, біздегі жастар бірлестіктері заманауи стендап форматында кітаптар жайлы әңгімелеуіне болады. Сондай-ақ сүйікті кітаптарының мазмұнымен бөліскісі келетіндер үшін «Ашық микрофон» жасауға да болады. Әзілге, өзіндік интерпретацияға, қиялға орын болсын! Неғұрлым креативті болса, соғұрлым қызықты болмақ, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Кішкентай балаларға келсек, көркемсурет студияларында олар әдеби шығармалар желісімен суреттер салуына жағдай жасауға болады. Облыс әкімінің пікірінше, балалар мен жастардың кітапханаға, кітап оқуға деген қызығушылығын ояту арқылы біз кітап оқу сауаттылығын дамытып қана қоймай, жоғарыда аталғандай, олардың білімге деген құштарлығын оятамыз.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жастар арасында еңбексүйгіштікті насихаттаудың маңыздылығы жайлы мәселені көтерді:

- Бүгінгі тақырыбымыздың үшінші құрамдас бөлігі - еңбекқорлық. Бұған дейін атап өткен барлық аспектілер – эмоционалдық интеллект, адамгершілік мінез-құлық, оқуға және білім алуға деген сүйіспеншілік – еңбекқорлықтың сөзсіз атрибуттары. Яғни, осы қасиеттерді дамыту арқылы балаларымыздың бойында еңбекке деген құштарлықты қалыптастырамыз. Әрбір оқу орнында қазірдің өзінде қажырлы еңбекті насихаттау үшін пайдалануға болатын актив бар. Бұл - сіздердің түлектеріңіз, - деді аймақ басшысы.

- Мектеп бітірушілердің өздерінің еңбек жолы, жетістіктері мен сүрінген сәттері туралы әңгімелері бүгінгі мектеп оқушылары мен студенттерін еңбекке баулиды. Өйткені, әрбір жетістіктің артында сәттілік пен TikTok-тағы миллиондаған жазылушы емес, қажырлы еңбек жатыр. Ақыл-ой немесе физикалық еңбек. Балалар бұл туралы онсыз да көп айтып жататын мұғалімдер мен ата-аналарға қарағанда, жоғары оқу орнын бітірген түлектерге сенеді. Бәлкім, студент түлектермен өткен кездесулерді тәлімгерлік бағдарламаларына енгізуге болады? – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Өңір басшысының айтуынша, түлектер клубтарын дамыту – оқу орындары қызметінің перспективалы бағыты. Себебі, оның ішінде басқа да көптеген артықшылықтар жатыр. Бұл - демеушілік, ынтымақтастық, стипендиялық бағдарламаларды іске қосу, ғылымды коммерцияландыру.