Шақаттағы оң өзгерістер

Шақаттағы оң өзгерістер

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының арқасында елді мекендерімізде көптеген оң өзгерістер орын алуда. Биыл бұл бағдарлама аясында ауданымыздың екі ауылы – Набережное және Шақатта жолдар төселіп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Шақат ауылына атбасын бұрып, жасалып жатқан жаңашылдықтарға куә болып қайттық.

Округ әкімі Ерболат Канкиннің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекенде сегіз көшеге асфальт төселіп, қазір жолдарды қабылдау жұмыстары жүруде. 110 млн теңге қаражат жұмсалған. Жауапты мердігер – павлодарлық компания «АмирСтрой ПВ». Сондай-ақ жергілікті клуб, әкімдік, мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

- Бұл көшелерде асфальт мүлде болмаған. Ауыл тұрғындары риза. Осындай мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауыл тынысы жақсарып қалады. 800 тұрғынымыз бар. Көшіп келушілер шамалы, десек те, басқа жаққа қоныс аударып жатқандар да жоқ. Тұрақты. Жастардың қарасы қалың екендігі қуантады. Бір кездері қалаға көшіп кеткен жастар ол жақта баспана мәселесі оң шешілмегендіктен, қайта ауылға келіп қоныстануда. Қалаға қатынап жұмыс жасап дағдыланып қалған. Ауылдан қалаға дейін 20-ақ шақырым жер. Машинамен 15 минуттың ішінде жетуге болады, - деп бөлісті округ басшысы.

Айта кету керек, әкімдік орналасқан ғимаратта пошта, кітапхана, клуб, учаскелік полиция бекеті, ветеринарлық пункт қоныс тепкен. Нысанның төбесінен енді су ақпайтындай етіп күрделі жөндеу жүргізіліп, еденіне керамограниттен кафель төселіп, есіктері ауыстырылып, қабырғалары тегістеліп, электр жүйесі жүргізіліп, танымастай өзгерген. Бұрын кіргенде дәлізі қараңғы тартып тұрушы еді... Қазір жарық әрі ыңғайлы. Әкімнің кең кабинеті бас мамандарға берілсе, бергі жағы әкім отыратын кабинет және хатшысына деп ыңғайластырылыпты. Мәжіліс залына бір кабинет берілген. Бухгалтерия бұрынғыдай жеке кабинетте. Кітапхананың тартылмалы төбесі бұрын жауын суынан бұзылып, салбырап тұрса, енді төбесі жаңадан жасалған. Жұмыстар әлі толықтай тәмамдалған жоқ. Дегенмен, негізгісі жасалған. Жөндеу жұмыстары кезінде клубқа қоныстануға тура келгендіктен, ондағы жөндеу жұмыстары жуырда басталған. Мұнда электр жүйесі жаңартылып, сахна едені қайта жасалуда, гардеробтың еденіне кафель төселуде. Клубтың өзінің едені ауыстырылмайды, бұрынғы тас еден өміршеңдігін дәлелдеген.

Күрделі жөндеу жұмыстары 45 млн теңгеге ақмолалық «СК Строй» компаниясының өкілдерімен жасалуда. Заман талабына сай, төбесіне жарық сөніп қалған уақытта да жанып тұратын арнайы құрылғылар орнатылған.

Округ басшысы Ерболат Дәурешұлының айтуынша, екі ай бұрын басталған жұмыстар тамыз айының орта шенінде тәмамдалады деп күтілуде. Күрделі жөндеу жұмыстары тәмамдалған соң, ғимарат ауласын қоқыстардан тазалап, абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Ғимараттың сырты да әктеліп, боялып, жаңа кейіпке енеді.

Білім ошағында директордың оқу жөніндегі орынбасары Қымбат Сәрсембаева жөндеу жұмыстарымен таныстырды. Мектептің едендері мен есіктері ауыстырылып, қабырғалары тегістеліп, жаңаша қалыпқа енуде. Қабырғалар аппақ етіп сырланып, ақ есіктер орнатылып, еденге ашық түсті линолеум төселген. Айтуларынша, білім ошағы 1975 жылы салынған. Содан бері едендері жаңартылмапты, тек сырланып келген. Жұмыстарға «Инвест-Строитель» ЖШС мердігер компаниясы жауапты. Жұмыстар құны – 40 млн теңгеге бағаланған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы үш ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Солардың бірі Бауыржан жөндеу жұмыстары басталғаннан бері екі қолға бір күрек тапқан.

- Өзім осы мектеп түлегімін. Жұмысым ұнайды. Бір күн демалыс бар, әйтпесе күнделікті осында еңбектенемін. Айлық табысым көңілімнен шығады. Білім ошағының көркейе түсуіне өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын, - деп бөлісті.

Екі қабатты білім ошағында 200-дей шәкірт білім мен тәрбие алады. Төртінші тоқсанда-ақ мектептің бір жақ бөлігінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Балалар бір жағында екі ауысыммен оқып, оқу жылын тәмамдаған. Есесіне екінші қабатында жұмыстар аяқталуға жақын. Бірінші қабатында да көбі бітіп, азы қалған. Мұнда орналасқан шағын орталық пен интернатта да жұмыстар тәмам. Екінші қабатқа көтеріліп-түсетін баспалдақтарға кафель төселіп, заманауи қалыпқа келтірілген.

Айта кетер болсақ, бұған дейін 2020 жылы білім мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Ол кезде ғимараттың сыртқы келбеті, электр жүйесі, акт және спорт залы жөндеуден өткен.