АРУЛАРЫМЫЗ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

АРУЛАРЫМЫЗ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Павлодар облысының 21 дүркін жеңімпазы атанып отырған зарялық волейболшыларға «AMANAT» партиясының аудандық филиалында сый-құрмет көрсетілді.

 

Жастардың спортқа қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталып, бүгінде жоғары жетістіктерге әкелгені шындық. Заря волейбол мектебінің тәрбиеленушілерін Павлодар ауданынан тыс жерлерде бұрыннан біледі. Қыздар облыс құрамасында ойнайды, кәсіби командаларда өнер көрсетеді. Сонымен қатар, олар жаттықтырушылар, республикалық федерацияның мүшелері болып табылады. Заря ауылдық округі спорт саңлақтарын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Тоқболат Жайнақов та спортты дамыту туралы ой қозғап, салауатты өмір салтын насихаттауға және спорт түрлерін дамытуға үлкен мән береді.

Жақында Заряның волейболшы қыздары волейбол додасында сәтті өнер көрсетті. Айтулы жарысқа облыстан командалар қатысты. Бақ сынасқан дүбірлі додада аудан намысын қорғаған команда жүлделі ІІІ орынға ие болып, облыс құрамасына кірді. Бақ сынаған командалардың арасындағы ойын өте тартысты, әрі қызықты өтті. Сондай-ақ командалар арасында жыл сайын республика, облыс көлеміндегі волейбол ойынына тұрақты қатысып жүрген тәжірбиелі ойыншылар бақ сынасты. Әуедопты серік еткен қыздар тамаша ойын өрнегін көрсетті. Әр ойын өзінше қызыққа толы болды. Аудан ойыншылары сойқан соққысымен көпшіліктің таңдайын қақтырып, волейбол ойынының қызығын паш етті. Бар талантын алаңда көрсеткен аруларға жанкүйерлер қолдау көрсетті. Қызығы мен сиқыры көп волейбол ойынының кереметі осында болар. Кез келген адамды баурап алып, ойынның қызығына батырып жіберді.

Кездесу барысында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дмитрий Корепанов және спорт ардагері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Талғат Мамашев зарялық волейболшыларды және жаттықтырушыны марапаттады. Алғыс хаттарды волейбол ойыншылары Индира Жақыповаға, Ольга Козловаға, Диана Мұхамеджановаға, Мариям Құсайыноваға, Ирина Косоноговаға, Лаура Байтеміроваға, Әсел Жапароваға, Дания Қабидоллаға, Әсем Жүнісоваға және команда жаттықтырушысы Тоқболат Жайнақовқа табыстады.

Тоқболат Жайнақовтың айтуынша, қазір спортшылардың басты мақсаты – алдағы жарыстарда лайықты өнер көрсетіп, үздік командалардың қатарына кіру.

Шара соңында қатысушылар дөңгелек үстел үстінде өзекті мәселелерді қозғап, ойларымен бөлісті. Ұйымдастырушылар спортты дамытуға үлес қосқандары үшін алғысын жеткізіп, спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.