Халық емшісі мәңгілік ел есінде

Халық емшісі мәңгілік ел есінде

Көзі тірісінде Үміт Сұбатылова ана бақытын сезіне алмай жүрген талай келіншектің нәрестелі болуына себепкер атанып, шипалы қолымен мыңдаған адамның дертіне дауа табатын. Мичурин ауылдық округіне Қазақстанның барлық аймағынан тұрғындар ем алып, ауруынан құлан-таза айығу үмітімен келіп, шипа алып, разы болып қайтатын. Одан бөлек, Үміт апаға Ресей, Франция және Германиядан келіп ем алатындар да көп болатын.

Биылғы іс-шара бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауданның тойы, өйткені бүкіл өмірін ізгілікті іске сарп етіп, Алланың берген асыл қасиетін халық игілігіне жұмсау арқылы алғысқа бөленген Үміт Ақтанқызы - тұғыры биік тұлға. Осындай мән-маңызы орасан, мағынасы терең шаралардың өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі зор.

- Бүгін біз Павлодар ауданының құрметті азаматы Үміт Ақтанқызының 98 жылдығына арналған мерекелік шараға жиналып отырмыз. Кезінде Үміт апаның шарапатын көрген азаматтар аз емес. Үміт апаның аты облыс жұртшылығына ғана емес, Қазақстанның әр аймағы мен алыс-жақын шетелдерге де жақсы таныс. Үміт Ақтанқызы емшілігімен қатар, қайраткерлік қасиетімен де халық жадында қалды, - дейді аудан әкімі Ержан Иманслям.

Емшінің  шипагерлік  қасиетін бұл күні қызы Бақыт Рахметоллақызы ұстап, анасының емдеу орталығының жұмысын жалғастыруда. 

- Жыл сайын анамды еске алуға арналған, осындай іс-шаралар дәстүрге айналып кетті. Анамды қадірлеп, сыйлап жүргендеріңізге алғысымды айтамын. Апаның қайтыс болғанына он сегіз жыл. Кезінде шипа іздеп, бала іздеп келгендер, бүгінде еске алып, разышылықтарын айтуда.

Ашық аспан астында өткен іс-шарада аудан өнерпаздары жиылғандарға әннен шашу шашты. Концерттік бағдарламада Қуандық Башой, Әсемгүл Мекебаева, Айдана Бейсембаева, Тоқтар Нұрбек, Ризабек Сапаров, Азиза Ақпарова, Нұрқуат Садығазин, Бахтияр Қожанов, Айдарбек Көпеев, Наурыз Көшен және Ақерке Бейбіт өнерлерін көрсетті. Жиналған өнерсүйер қауым таланттар тартуына таңдай қағып, шапалағын аямады. Ұйымдастырылған шара соңында ауылдарының ақсақалдары мен белді азаматтарын, алыстан келген қонақтарды дастархан басына шақырды. Жастар бас қосып, ұлттық спорт ойындарынан бақ сынасты. Мерекеге орай бас жүлдеге қошқар тігілген. Сайыс ережесі бойынша қошқарды иыққа салған азамат бір орында отырып-тұрып мойындағы жүгін барынша көбірек көтеру керек. Ал, жеңімпаз болып 18 жастағы Нұржан Жұмалин танылды. Армрестлингтен І орынды Ерасыл Жұмалин, ІІ орынды Жұмабай Қасен және ІІІ орынды Алишер Қасен иеленді. Осылайша халқы қадір тұтқан халық емшісінің мерейтойы өзіндік сән-салтанатымен мәресіне жетті.