Білім ордасына жөндеу жасалуда

Білім ордасына жөндеу жасалуда

Рождественка ауылында мектептерді жаңғырту бағдарламасы бойынша орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Мердігер жөндеу жұмыстарына 26 мамырда кірісті, нысанды тамыз айының ортасына қарай тапсыру жоспарлануда.

Күрделі жөндеуді "Казеврострой" мердігерлік ұйымы орындауда. Қазір құрылысшылар ішкі жұмыстармен қатар қасбетті жаңартуға кіріскен.

Мектеп директоры Раис Сулеевтің айтуынша, жөндеу жұмыстары барысында терезелерді ауыстыру, электр сымдарын, жылыту жүйесін, еден жабындарын, есіктерді жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, мектеп ауласында қиыршық тас төселетін болады. Бұл мақсатқа 97 млн. теңге бөлінді. Білім ордасының іргетасы 1967 жылы қаланған, осы уақыт ішінде мұнда күрделі жөндеу алғаш рет жасалуда.

Құрылысшылар оқу жылы аяқталысымен жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Мердігер жоспарланған жұмыс ауқымын тамыздың ортасына дейін аяқтауды көздеуде.

–Біздің мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталғанына бәріміз қуаныштымыз. Электр сымдарын ауыстыру бұрыннан қажет еді. Содан кейін жылу жүйесін жөндеу басталды. Біз шойын батареяларын қалдыруды шештік, олар алюминийге қарағанда жылуды ұзағырақ сақтайды және тозуға төзімді. Әрине, жылыту жүйесі біз үшін ең маңызды. Мектеп жылы болуы керек, – деді Раис Айтмұхаметұлы.

Жақында ауылдық округтерге барған кезде жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізу мақсатында Рождественка мектебінде аудандық мәслихат хатшысы Вера Гейнц және аудандық мәслихат депутаттары Бақытбек Баткеев, Дмитрий Корепанов және Дариға Қаржауова болып қайтты.