Шыбын-шіркеймен күрес

Шыбын-шіркеймен күрес

Павлодар ауданында шыбын-шіркейді улау жұмыстарын «Агрозащита-ПВ» мердігер ұйымы жеке кәсіпкер «Богумбаевтың» ғылыми сүйемелдеуімен жүргізуде. Олардың жұмысын аудан әкімі Ержан Имансляммен бірге депутат­тар, ауыл жұртшылығы, экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов бақылауда. Жақында Мичурино ауылында шыбын-шіркейдің дернәсілдерін анықтау бойынша кезекті мониторинг жүргізілді.

 

Аудан тұрғындары Instagram әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде аудан әкімінің ресми парақшасында шыбын-шіркейді улау туралы ақпарат алып, бақылаушы топпен бірге су сынамасынан жәндіктер дернәсілдерінің анықталмағанына куә болды. Қансорғыш жәндіктермен күрес Павлодар ауданының тұрғындары үшін өзекті тақырыптардың бірі, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетін жағалау аумағы 620 гектарды құрайды.

– Біздің дезинфекциялау жұмыстарымыз масалар мен шіркейлердің 100%-ын жоюға бағытталмаған, олардың 80%-ға аз болуын мақсат етіп отырмыз. Бұл табиғи үрдіс болғандықтан, оның жүйесін бұзуға болмайды, – деп атап өтті Ержан Имансямұлы.

Дезинфекциялық жұмыстарды «Агрозащита-ПВ» ЖШС жүргізуде, онымен 5,9 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған, ал шыбын-шіркейді улау жұмысының тиімділігі үшін «Богумбаев» ЖК бұл іс-шаралардың ғылыми сүйемелдеуін жүргізуде. Бүгінгі таңда жағалаудағы барлық ауылдық округтерде дезинсекциялық жұмыстар өткізілді: бұл алты округ, барлығы 17 елді мекен.

– Біз сәрсенбіде өзіміз үшін маңызды деп бекіткен бақылау нүктелеріне шығып, дернәсілдер емес, ұшып шыққан қансорғыштармен күрес жұмысын бастадық. Біз су қоймасында емес, ауыл ішінде ұшып жүрген жәндіктерді улауға кірісеміз. Мониторинг кезінде, егер желсіз ауа рай­ында 20 минут ішінде адам денесінің жалаңаш бөлігіне 20-дан астам маса мен шіркей отырса, дезинфекция жұмыстарын бастауға кеңес береміз, – деп жағдайды түсіндірді «Богумбаев» ЖК ғылыми тобының жетекшісі Аманжол Гуляев.

Су жинау кезінде Мичурино ауылының тұрғындары да болды, олар дезинсекциялық жұмыстарды осыған дейін де бақылап, қатысқандығын растады. Олардың айтуынша, ауылда маса мен шіркей шамалы, қанатты жәндіктер су қоймаларында жиі байқалады.

Экономиканың нақты секторы бөлімінің ақпараты бой­ынша бүгінгі таңда 520 га жерде дезинфекция жұмыстары жүргізілді, бұл көбінесе су қоймалары мен елді мекендерде еріген қардың сулары. Барлығы 520 литр «Ципертрин» химиялық препараты жұмсалды.