Мемлекет қамқорлығы

Мемлекет қамқорлығы

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі қарсаңында Новочерноярка ауылының Мәдениет үйінде ауданымызда пәтер кезегінде тұрған жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, мүгедектігі бар жастарға пәтер кілттері табыс етілді.

Өткен аптаның қасиетті жұмасында аудан әкімі Ержан Иманслям Андрей Соха, Нұрлыбек Жолдасбек, Гарафутдин Багаутдинов және Петр Кибардинге салтанатты жағдайда пәтер кілттерін табыстап, құттықтап, ақ жол тіледі. Рамазан айында баспанаға ие болған жастардың қамқоршылары қуанышты оқиғаға куә болып, алғыстарын жаудырды.

- Мемлекет әлеуметтік осал топтарға қамқорлық танытып, пәтер ұсынып жатыр, олар да өз кезектерінде сол жылы да жайлы пәтерлерде тұрып, уақытылы коммуналдық төлем жасаулары керек, бұл ретте жаңа өмірге қадам басып жатқан жастарға қамқоршылары тарапынан көмек көрсетілсе деп сұраймыз, - деді аудан басшысы.

Заңғар ауылының тұрғыны, Нұрлыбек Жолдасбектің қамқоршысы Рымтай Исина немересінің баспаналы болып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған туыстары қуанышты сәтке ортақтасуға жиналып келген екен. Апамыз шашуын шашып, туыстары үйге қажетті алғашқы дүниелерін әкеліп, мәре- сәре болысты. 19 жасқа толғалы отырған Нұрлыбек ПМПИ колледжінің денешынықтыру факультетінің 2-курсында білім алуда. Заңғар мектебін тәмамдаған жас үстел теннисінен облыс бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.

Жылдап үй кезегінде тұрған жандар баспана кілттерін алып жатқандарына аса қуанышты екендерін айтып бөлісті. Андрей Соха ата-ана қамқорлығынан айырылып, 2011 жылдан бері әжесі Зинаида Ивановнаның қолында тәрбиеленуде. Мүгедектігі де бар ол 10 жыл бойы баспана кезегінде тұрып, бүгінде жергілікті көпқабатты үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтерге ие болды. Черноярка мектебінің биылғы жылғы түлегі IT мамандығын меңгеруді жоспарлауда.

Ефремовка ауылының 21 жасар тұрғыны Гарафутдин Багаутдинов жетімдігі бойынша 2016 жылы пәтер кезегіне тұрған. Мектеп бітірген соң, елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп келген. Қазірде Жаңаауыл елді мекеніндегі Өзен портында моторист болып еңбек етуде.

- Чернояркадан баспана берілгені жақсы болды, жұмысқа жақын, автобус қатынап тұрады, - деп бөлісті.

Өз баспанасына ие болған жас ендігі кезекте шаңырақ көтермек ниетте.

Розовка ауылының тұрғыны Петр Кибардин бес жыл көлемінде пәтер кезегінде тұрып, бүгінде баспана кілтін алғанына аса қуанышты.