ҚОНЫС ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚОНЫС ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Павлодар ауданында кезекте көп жылдар бойы тұрған азаматтардың бір қатары баспаналы болды. Кемеңгер ауылының төрт отбасына абаттандырылған үйлер-дегі пәтер кілттерін аудан әкімі Ержан Иманслям табыс етті.

 

Бұл сүйінші жаңалықтардың бастауы десек те болады. Өйткені осы тектес жаңа пәтерлерге Заря ауылының төрт отбасысы жуық арада қоныстанады деп күтілуде. Одан бөлек, кезекте тұрған өзге азаматтарға Новоямышев, Чернорецк, Мичурин, Кемеңгер, Набережное ауылдарынан баспана берілмек. Жыл соңына дейін жиырмадан астам отбасы пәтер алады.

Кілттерді табыс ету салтанатты рәсімі алдағы мерекелерге – Тұңғыш Президент күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Бақытты пәтер иелерін құттықтай отырып, Ержан Иманслям оларға құтты қоныс тілеп, жаңа баспанада толағай табыстарға жетулерін тіледі.

Көп балалы және мұқтаж отбасылар үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Кемеңгерде екі пәтерлі екі үй биылғы жылдың көктемінде салына бастаған болатын. Араға 4 ай салып, үш бөлмелі, сырты силикат кірпішімен қапталған үйлердің құрылысы аяқталып қал-ды. Жаңа баспанаға ие болған бақытты жандардың бірі – Күлжиян Сәдуақасова. Ол Кемеңгер ауылының балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді, екі баласы бар. Тұрғын үй алуы үшін кезекте тұрғанына он жыл болыпты. Жаңа пәтердің кілтін алып, қуанған әйелдің қуаныштан көзіне жас үйірілді.

– Менің қуанышымда шек жоқ! Біздің әкім маған бұл үйді көрсеткенде, көзіме жас келді. Бұған дейін мен қалада, содан кейін Кеменгерде үй жалдап тұрдым. Біз үшін осындай бағдарлама жасағаны үшін Президентімізге рахмет, – деді Күлжиян Сәдуақасова.

Сондай-ақ, көп балалы ана, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегері Мереке Сәрсенованың отбасы да он жыл бойы пәтерге кезекте тұрып, сүйінші хабарды тағатсыздана күткен еді.

– Бүгін – біздің отбасымыз үшін бақытты күн, пәтер іші жарық, жылы, үй жайлы, балалар да, біз де қуаныштымыз, – деді Мереке Сәрсенова.

Аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары дайын-даған концерт жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.