Әйел бақыты – қоғам айнасы

Әйел бақыты – қоғам айнасы

Достық үйінде «Әйел бақыты» атты сұхбат алаңы өтті. Іс-шара Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

 

Жиынға Әйелдер кеңесінің төрайымдары, әр саланың нәзік-жандылары мен кәсіпкер әйелдер қатысты. Кездесу Павлодар облы-сының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының өкілі Қайырбек Уахитұлының баяндамасынан басталды. Отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын шешу, ажырасулардың санын азайту мақсатында өңірде бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Сондай-ақ, «Павлодар облысындағы Қазақстан Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Ақмарал Сапарқызы және қоғамдық қордың директоры Гаухар Бакиқызы баяндама жасады.

Павлодар облысында әйелдердің саяси және қоғамдық процестерге теңгерімді қатысуына қол жеткізу үшін олардың қоғамдағы позицияларын нығайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Облыста әйелдер саны 394,7 мың адам, бұл жалпы халықтың 52,6 пайызын құрайды. Биліктің жергілікті өкілді органдарында осы сайланымдағы әйелдердің үлесі 33 пайызға дейін, оның ішінде облыстық мәслихатта 34,4 пайызға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, 2 әйел аудандық мәслихаттардың хатшылары болып табылады. Өңірдің жергілікті атқарушы органдарында әйелдер қатарынан әртүрлі деңгейдегі 94 басшы бар, қалалар мен аудандар әкімдерінің 35 орынбасарынан 17 әйел, ал 14 әйел ауылдық округтердің әкімдері болып табылады.

Шара барысында Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының өкілі Қайырбек Уахитұлы облыстың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйел-аналарды алғыс хаттармен марапаттады. Ауданымыздан Павлодар География үйі Новочерноярка филиалының басшысы, кітапхана қызметкері Оксана Анатольевна және Кемеңгер ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы, балабақша директоры Айнұр Сакенқызы құрметке бөленді.

Ниеттестермен қауышқаныма қуаныштымын. Қазір осындай кездесулер өте сирек. Сондықтан бұл жолғы басқосудың маңызы өте зор. Өңірімізде әйел адамның қоғамдағы рөлін нығайту бағытындағы жұмыстар қуантарлық жайт. Біз сол жұмыстарды жалғастырып қана қоймай, қарқынын арттырғанмыз жөн. Спикерлердің баяндамаларын тыңдап, ой түйіп отырдым. Жиналған арулардан шабыт алып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниеттендім, деп Айнұр Сакенқызы әсерімен бөлісті.