Тәуелсіздік аллеясы бой көтермек

Тәуелсіздік аллеясы бой көтермек

Өткен демалыс күндері ауданның ауылдық округтерінің орталық аулаларында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аллеялары отырғызылды. Көшеттерді отырғызуға аудан әкімі Ержан Иманслям қатысты.

Мичурин ауылындағы Даңқ ескерткішінің айналасына қарағай көшеттері отырғызылды. Бірнеше жыл бұрын аудандық мәслихат депутаттары мұнда жас көшеттер отырғызды, олар тамырланып, осы уақыт ішінде айтарлықтай өсіп қалған екен. Бұл жолы аллея жалғасып, Даниловка ауылынан әкелінген жаңа көшеттермен толықтырылды. Мамандар атап өткендей, ағаштар қазір алдағы қыс мезгіліне дайындалуда, сондықтан күздің басталуы – қарағай отырғызу үшін жақсы уақыт.

Бұл жолы аллея отырғызу ісі мектеп шарасымен сәйкес келді. Мұнда ата-аналар балаларымен бірге шие көшеттерін отырғызды. Ұйымдастырушылар жаңа отырғызылған көшеттерге оқушылар қамқорлық жасап, 10 жылдан кейін мектеп бітірер кезде алғашқы жемістерін жинайды деп жоспарлауда.

– Абаттандыру айлығы аясында әр апта сайын ауданда сенбіліктер өткізілуде. Сондай-ақ, тұрғындар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған аллеяны отырғызу акциясына белсенді қатысуда. Мектепте ата-аналар қауымы оқушылармен бірге жеміс ағаштарын отырғызуға қатысатыны қуанышты жағдай. 10 жылдан кейін қай жерде және қандай қызметте болсам да, бұл көшеттердің өскенін көру мен үшін өте қызықты болады, – деп атап өтті Ержан Иманслямұлы.

Мектептің айналасына жеміс-жидек көшеттерін отырғызу идеясы мектеп директоры Айнаш Әбдімановаға тиесілі. Ол әріптестерімен бірге Мичурин ауылының бұрынғы танымалдылығын еске алып, хош иісті алма, алмұрт, шие өсіргісі келеді.

– Біздің аулада құлпынай мен таңқурай өсіп жатыр. Балалар жаз бойы оларға қамқорлық жасайды. Өткен жылы біз алма ағаштарының көшеттерін отырғыздық, олардың бәрі тамыр алды, гүлдеді. Менің ойымша, енді бірер жылдардан соң олар жеміс береді. Оқушылар көшеттерге қамқорлық жасауды ұнатады. Біздің болашақ бақшамыз оқушыларымызбен бірге өсіп келеді, – деді Мичурин мектебінің директоры Айнаш Балқашқызы.

Осылайша, бастауыш сынып оқушылары тек мектеп пәндерін оқумен ғана шектелмей, сонымен қатар еңбекке де араласады, табиғатты жақсы көреді. Ата-аналар бұл мәселеде мектеп ұжымын толық қолдайды және балалармен бірге мектеп ауласын көріктендіруге өз үлесін қосуда.