Аудан әкімі Ержан Иманслям және аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Чуланова Ұлы Отан соғысының ардагері Матюшина Мария Алексеевнаны Қарттар күнімен құттықтады.
Мария Алексеевна 95 жаста, осы мереке күні ол аудан басшысын көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алып, сүйікті әндерін шырқады.
- Мария Алексеевна, Сізді мерекемен құттықтаймыз! Сізге шын жүректен зор денсаулық, жақсы көңіл-күй, жылулық пен жақындарыңыздың қамқорлығын тілейміз. Ғұмырыңыз ұзақ болсын, – деді Ержан Иманслямұлы.
Мария Алексеевна барлық қонақтарға ықыласы мен қамқорлығы үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Мария Алексеевна Сычевка ауылында күйеу баласы және қызымен бірге тұрады. Ол Қазақстанға тың игеру жылдары Ресей Федерациясының Тула облысынан келіп қоныстанған. Білімі бойынша Мария Алексеевна - токарь. 1942 жылы Новомосковск қаласында тәжірибеден өткеннен кейін, ата-анасынан жасырын түрде әскери бүркемелеу курстарына жазылады. Ол кезде небәрі 16 жаста болғандықтан, оқуға рұқсат алу үшін жасына тағы екі жыл қосып, өтірік айтуға тура келген екен.
1943 жылдың ақпан айында ол алдыңғы шепке шығып, басқа қыздармен бірге қорғаныс бекіністерін салды: траншеялар, дзоттар, доттар, блиндаждар. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков, армия генералы С.К. Нұрмағамбетов медальдарымен, «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілуіне 60 жыл», «Белоруссияның неміс-фашистік басқыншылардан азат етілуіне 65 жыл», Жеңістің мерейтойлық медальдарымен және т.б. марапатталған.
Соғыстан кейін ол Отанына оралып, жапондармен соғысқа қатысқан майдангер Георгий Васильевич Матюшинмен шаңырақ көтереді. Жұбайымен бірге олар үш ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді.
Мария Алексеевнаны құттықтап шыққан соң, аудан әкімі Мичурин ауылдық округінде тыл еңбеккері Сархыт Бейісоваға барды. Әжей 83 жаста, ауылда қызымен бірге тұрады. Өмір бойы Павлодар ауданында жұмыс істеген. Жылдар өте келе көзі нашар көре бастағанымен, Сархыт апа әрдайым ауданның өміріне қызығушылық танытып, жаңалықтарды қалт жібермейді. Егде жастағы адамдар үшін назар әрқашан қымбат, олар қамқорлықты ерекше бағалайды. Аудан басшысына аға ұрпаққа құрметпен қарағаны үшін алғыс білдіре отырып, батасын берді.