Жылдағы игі дәстүрмен қазан айының алғашқы демалысында Ұстаздар күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Ержан Иманслям мұғалімдер қауымын құттықтап, марапаттап, құрмет көрсетті.
Мереке шымылдығы Шақат білім ошағы «Айгөлек» тобы бишілерімен түріліп, Жанбота Бақыттың орындауындағы «Ұстазым» ән-шашуы-мен жалғасын тауып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қуаныш иелерінің алдында аудан әкімі Ержан Иманслям құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жолдады:
- Мен сіздерді төл мере-келеріңізбен құттықтаймын! Ұстаз... Әр адамның өмірінде ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны» бұл – мектеп мұғалімі – ұстаздарға арналған теңеулер. Мұндай мадақтамаларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шек-сіздікке ұласады. Мұғалімнен өне-ге, білім алып, үлкен өмірге жол салған ұстазымен кез келген шәкірт мақтанады.
«Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» деп бекер айтылмаған. Ендеше, елімізде білімге негізделген инновациялық-экономикалық жетістіктерді даму стратегиясымен сабақтастыратын әрі оны жүзеге асыратын Ұлы ұстаздар қатары көбейе берсін! Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілеймін! Жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жағымды жаңалықтарға толы болып, ауданымыздың атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көп болсын. Үлкен жауапкершілік пен сабырлықты талап ететін еңбектеріңізге алғыс білдіремін!».
Құттықтау сөзінен кейін облыстық білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқаны үшін бірқатар ұстаздарды Павлодар облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Құрмет грамотасын иеленгендер қатарында Жаңа қала негізгі жалпы орта білім беру мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Көлтай Калелхан бар. Балаларға білім берумен қатар, патриот етіп тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі бір төбе ұстаздың бірі әрі бірегейі. Талай жыл бойы орысша атауға ие болып келген білім ошағын қазақшалаудағы ісі ерекше құрметке лайық екенінің бір белгісі.
Бірқатар ұстаз, тәрбиеші, кітапханашылар аудан әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ Кемеңгер ауылының «Аяла» сәбилер бақшасының тәрбиешісі, «Жыл тәрбиешісі - 2021» байқауының облыстық кезеңінде 2-орын иеленген Минора Айдарханова құрметке бөленіп, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қолынан алған марапатына қоса, аудан әкімі қолынан аудандық білім бөлімі атынан берілген арнайы марапатын алды.
Минора Манарбекқызы «Мектепке дейінгі ұйым педагогі - 2021» байқауының аудандық кезеңінен кейін облыстық үш кезеңнен де сәтті өткен. Облыстық кезеңнің алғашқы турында «Дидактикалық ойындарды қолдану арқылы мектепке дейінгі балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту» тақырыбында жазған еңбегінің презентациясын ұсынған. Екінші кезеңінде балаларға «Алтын сақа» ойынын ойнатып, математика негіздері бейнесабағын әзірлеген. Осылардың нәтижесінде дайындап шығарған «Ойнайық та, ойлайық!» атты әдістемелік құралын үшінші турда таныстырып, кіл мықтылар арасынан жүлделі 2-орынға ие болған.
– Мен өз ауданым мен балабақшамыздың намысын облыстық байқауда тиісті дәрежеде қорғағаным үшін қуаныштымын, - дейді Минора.
2011 жылы ПМПИ-ді мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша тәмамдап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Кемеңгер ауылының «Аяла» сәбилер бақшасына жұмысқа қабылданған Минора осы уақыт аралығында отбасын құрып, екі перзентін дүниеге әкелген екен. Мектеп пен жоғары оқу орнын орыс тілінде тәмамдаса да, қазақ топтарында тәрбиешілік атқарып, жетістікке жетіп отыр. Қазіргі таңда әдіскер болып, қызметінде жоғарылай түскен және кезінде қаладан ауылға қоныс аударғанына еш өкінбейді.
Ұстаздар қауымы алдында аудандық маслихаттың хатшысы Айтуған Шайхимов құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыз жыл сайын білім саласында алдыңғы орында келетінін, бұл ұстаздар қауымының ерен еңбектерінің арқасы деп білетінін, ұстаздық ең қадірлі, ардақты мамандықтардың бірі және оны абыроймен арқалап келе жатқан жандар балалардың маңдайындағы жарық жұлдызын әрі қарай жарқы-ратып, үлкен өмірге жолдама беріп, Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашақ жастарын тәрбиелеп келетіндігі үшін зор алғысын білдіре келе, бірқатар ұстаздарды облыс маслихатының Алғыс хатымен және аудан маслихатының Құрмет грамотасымен, аудан маслихатының Алғыс хаттарымен марапаттады.
Шара соңында Шақат мектебінің басшысы Алмагүл Ысқақова бастаған өнерлі ұстаздардың орындауындағы әсем ән тарту етілді.