Павлодар ауданының бетке ұстар, есімі елге танымал, құрметтеуге лайық азаматтары аз емес. Қарттар күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Ержан Иманслям ауданға мол еңбегі сіңген Құрметті азаматтармен кездесті.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес Павлодар аудандық мәслихаты «Павлодар ауданының Құрметті азаматы» атағын біздің өңірдің 60-тан астам азаматына берді. Ең алғашқы атақ халық емшісі Сүбатылова Үміт Ахтанқызына берілді. Үміт апа есімі тек облыста ғана емес, шетелде де кеңінен танымал. Құрметті азаматтар арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, ғалымдар, педагогтар, спортшылар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, басшы қызметкерлер, депутаттар бар.
Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті. Кездесуде ҚР Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» жолдауын талқылап, пікір алмасты. Айта кету керек, тірі қарым-қатынасты күтумен зарыққан қарт адамдар пандемия кезіндегі қауіпсіздік шараларына үлкен жауапкершілікпен қарады: іс-шараның барлық қатысушылары «Ashyq» жүйесі бойынша өтіп, тиісті санитарлық нормаларды сақтады.
– Бұл бағдарламалық құжат мемлекеттің одан әрі табысты дамуы үшін мақсаттар мен міндеттерді айқындады. Халық өмірін жоғары деңгейге жетелейтін, экономикалық жүйені жетілдіретін, сыртқы саясатта тең құқықтық қатынастар орнататын жеті негізгі бағытты айқындады. Ең бастысы, егемендігіміздің мерейтойы нақты істермен белгіленуі керек. Бүкіл ел бойынша жаңа өндірістер іске қосылып, тұрғын үйлер салынуда. Біз ауыл шаруашылығы өндірушілері ретінде ортақ іске өз үлесімізді қосудамыз. Биыл Шақат ауылдық округінде күркетауық еті өндірісі іске қосылды. Ольгинкада «Ертіс» ШҚ жаңа МТФ салуда, «Андас» ШҚ астық қоймасын салуды аяқтап отыр, ауылдарды абаттандыру үшін көп жұмыс жасалып отыр, – дейді аудан әкімі Ержан Иманслям.
Аудан әкімі Красноармейка агротехникалық колледжінің бұрынғы директоры Төлеу Әріпбайұлы, «Андас» ШҚ басшысы Зейнолла Қайрошұлы, ҚазССР Халық ағарту ісінің үздігі Николай Викторович, Павлодар ауданы БЖСМ волейболдан жаттықтырушы-оқытушы Тоқболат Жұмажанұлы, Павлодар ауданының бұрынғы әкімі Владимир Иванович, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Аскеновна, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Сәдуақасұлы сияқты еңбегінің зейнетін көріп отырған ауданымыздың қазыналы азаматтарын тыңдап, әзіз жандарға ізет білдірді.
Сонымен қатар, Ержан Иманслямұлы жуырда құрметті демалысқа шыққан Кемеңгер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, мемлекеттік қызмет ардагері Тұрсын Қайыргелдіқызына Алғыс хат табыстады.