Ұлттық нақыштағы костюмдер тігілді

Ұлттық нақыштағы костюмдер тігілді

Мичурино ауылдық клубындағы өзгерістер тәнті етпей қоймайды. Білікті басшы Алмагүл Өмірзаққызы осыдан бір жылдай уақыт бұрын бізбен жоспарларымен бөліскен болатын. Уақыт оздырмай, солардың бірқатары бүгінде жүзеге асқанының куәсі болып қайттық. Клубтың аядай бөлмесінде кәсіпкерлігін дамытып жатқан ісмер жан Шәмшия Әпи апамыз бастаған қолөнершілер қолынан шыққан ұлттық нақыштағы дизайнерлік терезе перделері мәдени ошаққа жаңа түр, ерекше көрік беріп, көз қуантып тұр. Ал «Әсемпаз әжелер» клубы және «Сударушки» ансамблі өнерпаздарына арнайы тігілген туымыз түстес, оюланған костюмдер әжелерімізге жарасып-ақ қалыпты.

Музыкалық жетекші Азиза
Ақпарованың жетекшілігімен әже-леріміз көрермен қауымға өнерлерін паш етуге әзірленуде. Карантин көп жоспарлардың жүзеге асуына үлкен кедергі болғанымен, мәдениет қызметкерлері жұмыстарын онлайн жалғастырып келді. Енді қауышып жатқан жандар жаңа костюмдерін киіп, сәл әзірленіп, біздер үшін бір ән салып жіберді. 

Ардагерлер кеңесінің төрайы-мы Роза Шағырова өнерлі әжелеріміздің басын қосып, қолдау көрсетіп келеді. «Сударушки» ансамблі екі мыңыншы жылдың басында Елена Скруттың бастамасымен құрылған. Ол кезде ардагерлер кеңесін басқарған соғыс ардагері Вера Бродникова өнерпаз жандарға жетекшілік жасап, бірге ән де шырқаған. 

– Өнерлі әжелер аудан көлемінде өткен түрлі мерекелік шаралардың сәнін келтіріп, құрметті орындарға ие болып келді. Сол құрамнан Любовь Пигаричева, Анна Шишимова өнер жолын жалғап келеді. Қалғандары, өкінішке орай, бүгінде ортамызда жоқ, – деп бөлісті ардагерлер кеңесінің қазіргі төрайымы. 

– Сол кездері аудан әкімі орынбасары қызметін атқарған Роза Шамкенова «Мичуриндіктер – алтын дауыс иелері» деген бағасын берді. Біз соған сай едік, қазақ, украин, орыс әндерін жүрекпен шырқап, жүректерге жеткізетін едік. Жұрт бізді әрдайым асыға күтетін, – деп Елена Скрут өз естеліктерімен бөлісті. 

– Мен ардагерлер кеңесі төрайымы болып сайланғаннан кейін «Сударушки» ансамблін жаңғыртуды қолға алу керек деп шештім, сөйтіп құрамы жаңарып, жасарып, «Әсемпаз әжелер» клубы құрылып, барлығы бірге қазақ, орыс тілдерінде ән шырқап, мерекелік шаралардың көркіне айналып үлгерді, – дейді Роза Сапарқызы.

Өнерпаздардың айтуларынша, костюмдері бұған дейін екі мәрте жаңартылған. Осынау жылдар аралығында бір кездері жарқ-жұрқ еткен костюмдер де ескіріп, тозған. Өнерпаз әжелердің өнерлерін бірнеше мәрте тамашалаған бұ-рынғы аудан әкімі Жанат Шұғаев аудан бюджетінен жаңа костюмдерге қаражат қарастырылатынына уәде берген. Сөзінде тұрған басшы 300 мың теңге бөліп, бұл қаражатқа Шәмшия Әпи бастаған қолөнершілер апамыздың қызы Анар Жұрағат және Үміт апа ауылының тұрғыны Гүлмайра Әсемхан өнерпаздар қалауына байланысты 16 костюм тіккен. Айтпақшы, өнерпаз әжелер қатары жуырда тағы екі белсендімен толыққан – кәсіпкер Анна Ильинична және Еркеш Қабдықпайқызы.

Округке қарасты шағын Үміт апа ауылы өнерпаздары да әнші әжелер қатарында бар. «Бірлік түбі – береке» демекші, бір-біріне барып, концерттер ұйымдастырып, жұрттың көңілін көтеруге тырысып келеді. Әжелер репертуарларында түрлі ұлттардың әндері бар, әсіресе, сағындырған әндер көп.

Клуб басшысы Алмагүл Өмір-зақованың айтуынша, үлкен сах-наға шығып өнер көрсету үшін кәсіби өнерпаздар секілді костюмнен бастап аяқ киімдеріне дейін үйлесім болуы міндетті. Салқын кезеңде далада өнер көрсету үшін костюмдерінің үстінен киілетін біркелкі жылы киім де аса қажет. Бірақ бұған қаражат әзірге жоқ, сондықтан болашақтың еншісіндегі шаруа. 

Округ әкімі Оралбек Көпеновтың ұсынысымен, карантинге дейін Черноярка, Розовка елді мекендеріне концерттік бағдарламаларымен барып, халқын бір серпілтіп тас-таған өнерпаздар ұзақ демалыс-
тан кейін жаңа күш-жігермен осы бағыттағы жұмыстарды жал-ғастырмақ. Жуырда заман талабына сай жаңартылған Ольгинка ауылдық Мәдениет үйінің сахнасынан өнерсүйер қауым үшін ән мен жырдан шашу шашпақ ниетте. Бір әжелер ән шырқаса, енді біреулері салт-дәстүрлерді сахналамақ және қолөнер шеберлерінің көрмесі паш етілмек. 

– Өкінішке орай, кәсіби хореограф жоқтың қасы. Әжелерге «Қамажай», «Кесе» секілді қазақтың ұлттық билерін, тағы басқа да ұлттардың билерін билетсек, қандай ғанибет! Баянда ойнайтын аккомпаниатор жоқ. Орталықтан шақырамын, бірақ олар бірнеше жерде жұмыс жасайтындықтан, келе алмайды. Ақсу, тіпті Баянауылға дейін барып-келіп, нәпақа тауып жүргендерін білемін, өйткені онда «Өнер мектебі» бар. Бүгінде хореограф пен аккомпаниатор (баяншы) ең сұранысқа ие, – дейді Алмагүл Өмірзаққызы кей мәселелердің шетін ашып. 

Клубта сондай-ақ түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Музыкалық  жетекші Қуандық Башой бастаған домбыра үйірмесі, ақындар мектебі қолға алынған. Тіл үйренем деушілерге неміс орталығына, ісмерлікке ден қойғысы келетіндерге қолөнерге жазылуға болады. Нұртас Жұматай, Қуандық Башой және Бақтияр Қожановтан құралған «Дауыс» вокалдық тобы – әр концерттің сәні. Округ аумағында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай, еркін ел құрдастарын марапаттау дәстүрі қолға алынған. Осы уақытқа дейін мұндай 17 жас құрметке бөленген. «Үздік аула» байқауы өтуде, жуырда қорытындысы шығарылып, марапаттау рәсімі желтоқсан айында өтетін болады. Былтыр алғаш рет «Жылдың үздіктері» атауымен қолға алынған шара биыл да жалғасын тауып, әр саладағы үздік мамандар анықталып, құрметтелмек. Болашақта тағы «Құрмет тақтасы» үлкен жобасын қолға алу жоспарланған. 

Көрермен жинауға рұқсат болса, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ-музыкалы театрын, Чехов атындағы драма-театрын шақырмақ ниетте. Өздері де Аймауытов театрына барып, көзайым болып қайтқан болатын. 

– Мерекелік шараларға облыстық деңгейдегі кәсіби әнші, биші, күйшілерді шақырамыз. Неге? Бұл мақтану үшін жасалып жатқан жоқ, біздің өнерпаздар, ауыл жастары соларға қарап, шабыттанып, өнерлерін шыңдасын деген ниет бар. Клуб алдына үлкен сахна жасап, домбыра, гитарада ойнайтын ауылдың өнерпаз жастарына өнерлерін паш етуге мүмкіндік бергіміз келеді, – дейді басшы. 

Тәжірибелі, білікті директор
Алмагүл Өмірзаққызының басқа-руымен клуб жыл санап түрленіп келеді. Естеріңізде болса, былтыр клубтағы өзгерістер туралы жазған болатынбыз: көрермен залына есік, гардероб, жылу қазандықтары және батареялар орнатылғаны жайлы. Ал биыл аудандық бюджеттен бөлінген 2 млн. 748 мың теңгені құрайтын қаражат есебінен жуырда ғимараттың 325,6 шаршы метр еденіне линолеум төселген: клуб, кітапхана, учаскелік бекет орналасқан жердің бәрі қамтылған. 14 терезеге дизайнерлік перделер және өнерпаз әжелерге 16 костюм тігілген. Соңғысына 300 мың теңге, перделерге 700 мың теңге, 1 млн 748 мың теңге линолеумға жұмсалған. Сондай-ақ ішкі косметикалық жөндеу, «Nur Otan» және директор кабинеттері жасалған. Клуб алдына кесектас төсеу, пандус орнату, аспаптар сатып алу сынды жоспарлар – келер жылдардың еншісінде. Ал ең бас
тысы, болашақта 300 орындық көрермен залы бар типтік Мәдениет үйі құрылысын қолға алмақ ниетте.