АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА БАСУДА

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА БАСУДА

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов
аудандағы шаруа қожалық-тарының қызықты жобаларымен танысты. Ол Мичурино, Черноярка, Григорьевка және Луганск ауылдық округтерінде болып, кәсіпкерлермен жүз-десті, олардың сұрақтарына жауап беріп, даму жоспарлары туралы толығырақ біліп қайтты.

 

Аудан әкімі Ержан Иманслям аймақ басшысының орынбасарына аудандағы іргелі шаруа қожалықтарын көрсетті. Сапар барысында алғашқылардың бірі болып, көкөніс өсірумен айналысатын «Асхат» ШҚ басшысы Қадырбек Нұрпейісовпен кездесіп, кәсіпкердің бизнесті кеңейту жоспарын талқылады.

– Біз көкөніс қана емес, бақша дақылдарын да өсіреміз. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысамыз, жылқы ұстаймыз. Жыл сайын егіс алқаптары мен жайылымдардың тапшылығы сезілуде. Өзен арнасының іске қосылуын күтеміз, – деп ШҚ басшысы үмітімен бөлісті.

Бүгінгі таңда бұл Мичурино ауылдық округіндегі ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан шаруашылықтардың бірі және оның жерлері Ертістен салынып жатқан каналға жақын орналасқан. Мейрам Олжабайұлы құрылысты келесі жылы жалғастыру жоспарланғанын, одан кейін суармалы жерлерді кеңейту бойынша барлық жобалар қарастырылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, «Асхат» ШҚ суару кезінде ылғал үнемдеу технологияларын пайдалануды жалғастыруда және бүгінгі күні ТМД елдеріндегі ең ұзын суару қондырғысымен мақтана алады.

Қазір көкеніс өсіруші шаруашылықтарда жауапты кезең басталды. Олар күзгі жиын-терім жұмыстарына білек сыбана кіріс-кен. Өнім тікелей егістіктен сатылады, сұраныс бар. Бұл туралы сапар барысында «Агросоюз» ШҚ басшысы Сергей Тилинин айтты. Алқаптарда жиналған картоп пен сәбіздің бағасы күн сайын шамалы өзгеріп тұрғанына қарамастан, кәсіпкерлер үстінен түскен пайда мен мол өнімге риза. «Арман» ШҚ-дағы ерлі-зайыпты Арман Ақтаев пен Ботагөз Ілиясова қонақтарды жұмыс барысында қарсы алды. Олар өнімді қолмен жинап, жаңа жиналған сәбізді қаптарға салады, бұл дайын өнім осы жерден көтерме бағамен сатылып, еліміздің барлық өңірлеріне жол тартады.

«ИнтерТек» ЖШС-нің заманауи көкөніс қоймасында жас сәбіздің иісі сезіліп тұр.  Кәсіпкер Василий Логин көкөніс өсіруде әлі көп тәжірибе жинай қоймаса да, әріптестерінен білмегенін үйрену үстінде. Биыл ол 50 га жерге сәбіз отырғызды.

– Көкөніс қоймасы өнімді көктемге дейін сақтауға мүмкіндік береді. Мұнда өнімді ұзақ мерзімді сақтау кезінде де сапаны қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар ескерілген. Желдеткіш және тоңазытқыш қондырғылары орнатылды, – деді Василий Александрович.

Одан әрі Мейрам Өтешов Черноярка ауылдық округіндегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуымен танысты, жөнделген кентішілік жолдарға назар аударды, күрделі жөндеу кезінде едендер мен есіктер ауыстырылған жергілікті мектепке барды.

Григорьевка ауылдық округінде сүт өндірісін екі есеге арттыру жоспарлануда. «Андас» ШҚ 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салуда. Нысанды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.

«Жаңа қала» ШҚ ЖШС мал азығын молынан дайындаумен айналысуда, жұмысшылар жүгеріні сүрлем шұңқырына тығыздап, сиырлар сүтті болуы үшін құнарлы қорек жинауда. Сауын бөлімінде аймақ басшысының орынбасарына сауылған сүттің есебі жүргізіліп, сүт сапасын көрсететін арнайы бағдарлама таныстырылды.

Одан әрі Мейрам Өтешов Луганск ауылдық округіне барып, «Луганск» кооперативінің төрағасы Петр Кузьменкомен кездесті. Мұнда да жұмысшылар мал азығын дайындаумен айналысуда. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары да жүргізіліп келеді, суалған сиырларға арналған қора мен бұзау қорасының іргесі қаланып, аяқталуға жақын қалды. Өндіріс кооперативі сүт өндіруде аймағымызда алдыңғы қатарда, сондай-ақ мал басын жылдан жылға көбейтіп келеді. Бұл кәсіпорынның алға басуына тәжірибелі басшының мықты қолы әрі мол тәжірибесі себеп болып отыр.