Коллективтік иммунитет қалыптастыру маңызды

Коллективтік иммунитет қалыптастыру маңызды

Павлодар ауданында коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. 7461 адам толығымен егілді, екінші компонентті 3956 тұрғыналды. Бұл туралы аудандық мектеп медицинасының меңгерушісі Светлана Сергеевна хабарлады.

Қаулының шығуына байланысты белсенділіктің өсуін байқадық, халық вакцинацияға белсене қатысып отыр. Біз қазірде де демалыссыз жұмыс істеп жүрміз. Демалыс күндері 100-ге жуық адам, жұмыс күндері 200-250 адам тұрақты екпе алуға келеді. Бүгінде жұмыс берушілердің өздері белсенділік танытып отыр. Олар бізге жүгініп, өтініш толтырады. Содан кейін біз кәсіпорынға барып, екпе жұмыстарын жүргіземіз. Аудандағы шаруа қожалықтары да белсенді егілуде. Біз Жаңақала, Набережное, Луганск ауылдарына барып қайттық. «Рубиком» ЖШС мен Кенжекөлдегі құс фабрикасы да бізді шақырып, екпе алуға ниет білдірді. Бүгінде ауданда вакцинаның 4 түрі бар: QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax және CoronaVac.

Бірінші немесе екінші компонент болсын, екпе салмас бұрын екпе алушылар терапевт дәрігердің жіті тексеруінен өтеді. Тек содан кейін ғана егу бөлмесіне барады. Вакцина алған жан жарты сағат бойы ақ халаттылардың назарында болады. Аурухана қызметкерлері вакцина алғаннан кейін дене қызуын түсіретін дәрілерді қабылдауға кеңес береді. Егер өзіңізді тым жайсыз сезінсеңіз, дәрігерге жүгінгеніңіз жөн. Вакцинадан кейін адам ағзасы иммундық реакцияны қалыптастырып, антиденелерді шығарады. Ал нақты вируспен кездескенде, ол оған жауап беруге дайын болады. Біз вакцинациядан кейін ауырғандар бойынша статистиканы жүргіземіз, бірінші компоненттен кейін 10 адам ПТР-мен оң нәтиже көрсетті. Бірінші компоненттен кейін иммунитет әлі қалыптаспаған және адам ауырып қалуы мүмкін. Асқынулары жоқ, олардың жағдайы бақылауда. Біз адамдармен әрдайым жұмыс жасаймыз және вакцинадан кейін санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау қажет екенін түсіндіреміз.

Ауданымызда коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың ақпан айында басталды. Сұраныстағы вакциналардың бірі – Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын ресейлік «Спутник V» вакцинасы. «Спутник V» –коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған әлемде тіркелген алғашқы вакцина. Ол Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Николай Федорович Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында (ҰЗО) жасалып шығарылған. Вакцина екі компонентті, ол адамның аденовирус векторы негізінде әзірленген. Қазақстанда ресейлік вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылады. Дәлірек айтқанда, Ресейден субстанция жеткізіледі, ал Қазақстанда сол субстанциядан дайын зат жасалады. Қазақстандық материалдар мен шикізат пайдаланылады.

Қазақстандықтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде вакцинацияны ақысыз жасай алады. Қазақстандық вакцина QazVac деп аталады. Бұл – инактивті вакцина, ол 2020 жылдың мамыр айында жасалған. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

Вакцинаны жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта +2-8 градус температурада тасымалданады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Hayat-Vax қытайлық екпенің 1 миллион данасын сатып алған. Препарат Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген. Мамыр айынан бастап, CoronaVac қытай вакцинасымен егу басталды. Sinovac компаниясының екпесі ескі әрі қарапайым әдіспен жасалған. Вакцина адам ағзасына өлі коронавирусты жеткізіп, иммундық реакция тудырады. Бұл жөнінен CoronaVac қазақстандық QazVac екпесіне ұқсайды. Қытайдың Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген вакцинасы Hayat-Vax те осылай жасалған.