Аудандық әкімдікте Мәдениет, спорт және дене тәрбиесі бөлімінің бастығы Ержан Мэлсұлын зейнеткерлік демалысқа шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға аудандық бөлім басшылары мен қатардағы қызметкерлер қатысты.
Жетістікке жету үшін адал еңбек етіп қана қоймай ұжыммен де тіл табыса білу шарт. Сонда ғана еткен еңбек пен төккен тердің жемісін көре аласыз. Осындай еңбегімен елге танылған азамат Ержан Рахимжанов зейнеткерлікке шықты.
Шарбақты ауданы Жылыбұлақ ауылының тумасы Ержан Мэлс-ұлы жергілікті сегізжылдық мектепті бітіріп, жоғары сыныптарды Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды ба-лаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатында тәмамдаған. Көп уақыт өтсе де, физика-математика мектебінде оқыған жылдарын Ержан Мэлсұлы ыстық ықыласпен, алғыс сезіммен және жылы лебізбен еске алады. Сол кездері бұл мектеп республикадағы осы деңгейдегі алғашқы және жалғыз мектеп болатын. 1972 жылы негізі қаланған О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектебі әлі күнге дейін Қазақстанның үздік мектептерінің бірі болып табылады. Ержан Мэлсұлы Павлодар Педагогикалық Институтын бітіре салысымен, еңбек жолын Баянауыл ауданының Қызылтау сегіз жылдық мектебінің директоры болып бастады. 1995-1998 жылдары Павлодар облысының Шарбақты ауданы Жылыбұлақ ауылдық округінің әкімі лауазымына дейін көтерілген. Ауыл әкімі болып жұмыс істегенде ауыл тұрғындары мен аудан басшылығы арасында жоғары беделге ие болды. 1998 жылдан бастап мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Жылдар бойы қоян-қолтық қызмет еткен Ержан Мэлсұлы Павлодар облысы бойынша ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, кейін Павлодар облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас маманы болды. Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары және Павлодар облысы Аққу қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2011 жылдың қараша айынан 2013 жылдың қаңтарына дейін Павлодар облысы тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары, Павлодар облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болды. 2013 жылдан бастап Павлодар облысы Дін істері басқармасын басқарды. Осы кезеңде басқармада Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы құрылды. Мешіт имамдарын ынталандыру үшін «Әбу Ханифа» қоры құрылды. 2014 жылдан бастап Павлодар облысының Ертіс ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында болды. 2018 жылдан бері Павлодар ауданының мәдениет, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысы қызметін абыройлы атқарып келді.
Салтанатты жиында еткен еңбегі еленген маманды аудан әкімінің міндетін атқарушы Ернұр Бөкенбайұлы сіңірген еңбегі үшін мерекелік Құрмет грамотасымен марапаттап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Гүлнәр Құсайынқызы да аудан майталманының ерен еңбегіне тоқталып, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Ержан Мэлсұлының зейнет жасына шығуына байланысты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Александровна да жылы лебізін білдірді: «Сіз біздің қашанда қамқорлығымызда және назарымызда боласыз. Ауданымыздан алыстап кетпейсіз деп ойлаймын. Сіздің тәжірибеңіз жас мамандарға қажет болары сөзсіз». Жиырма алты жылдан астам ғұмырын қызметіне арнаған жан осы ортада өткен күндерін қашан да сағынышпен еске алатынын жеткізіп, әріптестеріне шын жүректен алғысын білдірді. Бас қосуда әріптестері өздеріне жұмыс бабында жанашыр ақылшы, тағылымды тәлімгер бола білген, бүгінде зейнеткерлікке шыққалы отырған өздеріне аса жақын жандар туралы тебірене сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Есте қаларлық естеліктер айтылып, әзіл-қалжыңның тиегі ағытылды.