Нағыз қазақ – домбыра!

Нағыз қазақ – домбыра!

Наурыз мерекесі қарсаңында Шақат және Заря орта мектептерінде мамандандырылған Домбыра кабинеттері ашылды.

Биылғы оқу жылында Заря орта мектебінің технология кабинеті жергілікті бюджет есебінен бөлінген бір жарым миллион теңгеге заманауи талаптарға сай домбыра кабинеті ретінде қайта жабдықталған. Кабинетте 15 оқушыға арналған үстел мен орындықтар, оқытушы үстелі мен орындығы, тақта, домбыра сақталатын шкаф бар. Жиһаздар жоғары сапалы, заманауи талаптарға сай. Бір пюпитр, 30 домбыра алынған. Сапалы музыкалық білімберу мақсатында әрбір оқушыға домбыра қарастырылған. Кабинеттің заманауи стильде безендірілуі де тартымды: бір жақ қабырғада ұлттық стильдегі композиция, енді бір жақ қабырғада қазақ композиторларының портреттері, ұлттық оюлар пайдаланылған.

Домбыра кабинетінде 1-6 сынып шәкірттеріне музыка сабағы өткізіліп, сыныптан тыс шаралар, домбырадан жеке сабақтар жүргізілмек. Болашақта жоғары сынып оқушыларын да қамту жоспарда. Заря орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Инабат Қобдабай оқушыларға қос ішекті аспабымыздың қыр-сырын үйретіп, меңгерулеріне жанын салмақ. Білікті ұстаздың шәкірттері бұрыннан-ақ түрлі додаларда топ жарып жүргенін білеміз. Заманауи кабинеттің арқасында жарқын болашақта әлі талай шәкірттері биіктен көрінеді деп сеніммен айта аламыз.

Шақат орта мектебінде де биылғы оқу жылында бір жарым миллион теңгеге жергілікті бюджет есебінен заман талабына сай домбыра кабинеті жасақталған. Кабинетте жеке бөлшектерді қайта құру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қабырға домбыра стилінде безендірілген. Тартылмалы төбелер ұлттық ою элементтерімен көмкерілген. Қабырғада қазақ композиторларының портреттері мен нақыл сөздері көрініс тапқан. Кабинетте 10 оқушыға арналған үстел мен орындықтар, оқытушы үстелі мен орындығы, домбыра қоюға арналған шкаф бар. Екі пюпитр және 11 домбыра сатып алынған.

Кабинетте 1-6 сыныптарға музыка сабағы, домбыраүйірмесі бойынша жеке сабақтар өткізілмек. Болашақта жоғары сынып оқушылары да қамтылмақ. Домбыра меңгеремін деушілерге танымал домбырашы Қуат Таймасов сабақ бермек.

Аталмыш домбыра кабинеттері музыка пәнін терең меңгертіп, ұлттық мәдениетке балалардың қызығушылығын оятуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, түрлі байқауларға қатысуға, домбыра ансамбльдерін жаңғырту мүмкіндігіне жол ашпақ.

Домбыра шертіп білген жас – қазақ ұлттық өнерінің тарихына сүйіспеншілікпен әрі құрметпен қарайтыны сөзсіз. Домбыра кабинеттерінің ашылып жатқаны да Тәуелсіздігіміздің жемісі деп білеміз.