МАРАПАТ ТӨРІНДЕ – ҰСТАЗДАР

МАРАПАТ ТӨРІНДЕ – ҰСТАЗДАР

Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодар ауданының ұстаздары «Павлодар облысының білім беру

жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және әрқайсысы 2,7 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.

Мамандақ атаулының төресі болып табылатын ұстаз еңбегі қашанда бағалы. Биыл өңіріміздің

білім беру саласын дамытуға ерекше үлес қосқан мұғалімдер үшін ақшалай сыйлығы бар арнайы марапат тағайындалды. Өңірлік білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы атап кеткендей, байқауға 659 өтініш келіп түсті. Салтанатты жиынға барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 12 мұғалім қатысты. Облыстың қалалары мен аудандарынан тағы 23 мұғалім бейне байланыс арқылы қосылды.

Жоғары марапатқа ие болған ұстаздар қатарында Павлодар ауданының білім ордаларында

үздіксіз білім беріп келе жатқан оқытушыларымыз, Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің

алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру пәндерінің тәжірибелі ұстазы Евгений Архипов және «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Мұсаева үлкен құрметке ие болды.

Мұғалімнің бойында болуы тиіс ізгі қасиеттердің барлығы тал бойына тоғысқан тәлімгерлерге

кенде емеспіз. Өзінің білімі мен тәжірибесін болашақ үшін сарп етіп жүрген Евгений Федорович

та – осындай майталмандардың бірі. Жастайынан спортқа жаны құмар болып өскен жерлесіміз

жасөспірім кезінде жеңіл атлетикамен және шаңғы тебумен айналысқан. Кейін жоғары білім

алып, Черноярка жалпы орта білім беру мектебіне жұмысқа орналасады. Бүгінде осы сала

да он тоғыз жыл жұмыс өтілі бар. Дегенмен, өзі мұғалімдік қызмет атқара жүріп, ауданның белсенді ардагер спортшыларының бірі. «Берісі облыс, әрісі Азия чемпионаттарында күш сынасып, пневматикалық винтовкадан ату, жеңіл атлетика, спорттық жүру, найза лақтыру жарыстарының көбінде жеңуші едік», - дейді спорттағы жетістіктерін саралай отырып. Оның еңбегінің нәтижесін спорттық жетістіктерінен және әскери-патриоттық шаралардан көруге болады. Қазірде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жас спортшыларды шаңғы жарыстарына дайындайды. Евгений Архиповтың оқушылары республика көлеміндегі шаңғы жарыстары бойынша жүлдегер болып табылады. Өзі болса, 2001 жылдан бастап жыл сайын облыстық жарыстарда аудан намысын қорғап келеді.

– Білім беру бөлімі бағдарламаны жариялағаннан кейін, қатысуды жөн көрдім. Арнайы марапатқа

ие болуды көздедім. Шәкірт тәрбиелеуден ешқашан жалыққан емеспін. Ұстаздың жемісі -

шәкіртінің жеңісі деп білемін, – дейді ұлағатты ұстаз.

Гүлнар Оразғалиқызы да он төрт жыл бойы осы салада жұмыс істеп келе жатыр. «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің ветеринария пәнінің оқытушысы шәкірттерімен бірге шеберлікті шыңдайтын байқауларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Педагогикалық әдіс-тәсілдердің жаңа қыр-сырын меңгеріп, сол арқылы оқушылардың өз ісінің білікті маманы болу жолында беріп жатқан ілімін өз міндеті деп санайды.

«Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алу үшін өтініштерді

ұстаздардың өздері береді. Олардың еңбегін құрамына педагогикалық еңбек ардагерлері, салалық кәсіподақ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалап, іріктейді.

Жұмыс өтілі, оқу құралдарының авторлығы, сондай-ақ кандидаттар мен олардың оқушыларының

республикалық және халықаралық ареналардағы жетістіктері ескеріледі. Естеріңізге сала кетейік, Мұғалімдер күні қарсаңында Павлодар облысының 15 білім беру қызметкері осындай марапатқа ие болды. Шәкіртінің сапалы білім алуында аянбай тер төгіп жүрген ұстаз еңбегі қашанда биік марапаттарға лайық.