Өңірде күркетауық өсіретін алғашқы фабрика

Өңірде күркетауық өсіретін алғашқы фабрика

Павлодарлық тұтынушылар үшін жаңа өнім – вакуум қаптамасына салынған күркетауық етін сатып алу мүмкіндігі пайда болмақ. Шақат ауылдық округінде күркетауық өндіру ісін қолға алған «Turkey-PVL» ЖШС Жаңа жыл қарсаңында өз өнімін облыс орталығының дүкендеріне ұсынуды жоспарлап отыр. Таяуда мұнда жұмыс сапарымен болып қайтқан аудан әкімі Жанат Шұғаев құс фермасының құрылысымен танысып, ЖШС басшысы Ербол Досыбаевпен кездесті.

Осы уақытқа дейін күркетауық еті еліміздің тек оңтүстік өңірлерінде өндірілетін. Біздің аймақта жаңа жобаның қолға алынғанына екі жылдан асыпты. Биылғы жазда құс фермаларының құрылысын аяқтап, қазірде 17,5 мың бас күркетауық өсіруде. Енді күркетауық етін өндіру жобасы толық іске асуға жақын қалды. Жаңа жыл мерекесіне таман облыс тұрғындары жергілікті өнімді сатып ала алады. Бүгінде бұл жобаға 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Төрт құс қорасы салынып, құс сою цехы іске қосылды. Күркетауық өсіру ісінің тауық өсіруге қарағанда әлдеқайда шығыны мол екені белгілі. Бұл үшін протеинді жем-шөп, бай ас мәзірі мен соя керек. Ербол Кәрібекұлының айтуынша, бұл құс түрінің мінезі құбылмалы және ерекше күтімді қажет етеді. Сондай-ақ, фермада ылғалдылық пен температуралық қалыпты сақтаған маңызды.

– Күркетауық жұмыртқаларын Франциядағы арнайы лицензияланған ортадан сатып алдық. Павлодарға әкелген соң бірден инкубаторға салдық. Бір айдан соң балапандар пайда болды. Қазіргі уақытта өсіріп жатқанымыз – күркетауықтың алғашқы тобы, – деп түсіндірді Ербол Досыбаев.

«Turkey-PVL» ЖШС басшысының құс өсіруде тәжірибесі көп, міне, бірнеше жыл бойы «Павлодар-Құс» ЖШС басшылық етіп, жұмыртқа өндірумен айналысып келеді. Бүгінде Қазақстан нарығында бұл өнім түрін ең көп шығаратын кәсіпорындардың бірі болып қалыптасты. Аудан басшысы күркетауық етін өндіру ісі біздің аймақ үшін жаңа әрі қызықты жоба екенін атап өтті. Сондықтан да, жергілікті тұрғындар жаңа өнімге өз бағасын беруге асығуда.

– Ауылды жерде жаңа өндіріс ошағының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін жұмыссыздық мәселесін шешуге өз үлесін қосады. Әсіресе, бұл ауыл шаруашылығы мамандығын меңгерген адамдар үшін қолайлы. Осында жұмыс істеп жатқан адамдардың басым көпшілігі – көрші

ауылдарда тұратын азаматтар, – деп, түйіндеді аудан әкімі Жанат Рашитұлы.

Бүгінде мұнда қырыққа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың тең жартысы – жақын маңдағы Кемеңгер, Шақат және Жетекші ауылдарының тұрғындары.

– Жобаны толық іске қосып, қуаттылығымызды арттырғанда, бұдан да көп жұмыс орындарын ашамыз деген ойдамыз. Жұмысқа тек жергілікті тұрғындарды алуға тырысамыз, – деді Ербол Досыбаев.

Алдын ала мәлімет бойынша, күркетауық етінің бір келісінің бағасы 1500 теңге шамасында болмақ. Облыс орталығының дүкендеріне күркетауық еті желтоқсанның ортасына таман түседі деп күтілуде.