Парламент Мәжілісі депутаттығына қадам

Парламент Мәжілісі депутаттығына қадам

Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев депутаттар Анатолий Бойчин, Гүлнар Қайдарова, жас әкім Данияр Айтышевпен бірге «Nur Otan» партиясының облыстық конференциясы аясында өткізілген дебаттарын сәтті аяқтады. Келесі қадам – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болуға өз кандидатурасын ұсыну.

Павлодар облысы бойынша «Nur Otan» партиясы филиалының кезектен тыс XXX конференциясында филиал төрағасы Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі анықталды. Дауыс беру Primaries.kz сайтында электронды жүйе бойынша жүргізілді.

Праймериздің бірінші кезеңінде ең көп дауыс жинаған 16 үміткер Парламенттің төменгі палатасындағы орындарға күресті. Шағын және орта бизнес, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де саланы қарастырған жаңа тұлғалар қосылды. Облыстың барлық тұрғындары тікелей эфирде тамашалай алатын қоғамдық пікірталастар нәтижесінде 112 конференция делегаттары таңдаған кандидаттарына онлайн режимінде өз дауыстарын берді. Облыс тұрғындары қатысушылар бағдарламалары мен пікірсайыстарын тікелей эфирде тамашалай алды.

Конференцияға дайындық кезінде праймеризге қатысушылар партияның Павлодар облысындағы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына сүйенді. Партияішілік іріктеу кезінде павлодарлықтардан екі мыңнан астам тапсырыс түсті. Облыс тұрғындарының ұсыныстары

мен ескертулерінің 80 пайызы партия филиалының сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Өңірді

дамытудың жеті негізгі басымдығы айқындалды – бұл одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық

даму, жастарды жұмыспен қамту, өмір сапасын арттыру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету,

мәдени мұраны дамыту және сақтау мәселелері. Пікірсайыс барысында үміткерлер проблемаларды шешу мақсатында өз көзқарастарын ұсынды.

Ең көп дауыс жинаған төрт көшбасшы Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының партиялық

тізіміне ұсынылды. Солардың бірі ауданымыздың әкімі Жанат Шұғаев болды. Ол өз сөзінде:

– Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткеніме 30 жылдан асты. Бұл тәжірибемді пайдаланып,

тұрғындардың тұрмысын жақсарту – негізгі міндетім деп білемін. Ал бірнеше аудандарды басқарған әкім ретінде айтарым, ауылды депрессивті ететін де, көтеретін де – сол жерде жүргізілетін шаруашылық саясаты. Сондықтан, сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыты етіп аграрлық кешенді дамытуды айқындадым. Сол секілді ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет. Жол, су, интернет мәселелерін 100 пайыз шешу керек. Қызмет көрсету саласы өз алдына. Біз әлеуметтің жағдайын ауылдан қалаға емес, қаладан ауылға асығатындай етіп жасауымыз шарт. Мысалы, жастар үшін баспана мәселесі шешілсе, олар ертең ауылдың дамып, өркендеуіне өз үлесін қосады. Нақты айтқанда, ауыл – ел бесігі болу керек, – деді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша партиялық тізімге ҚР Парламент Мәжілісіне Анатолий Бойчин

– 95 дауыс, Гүлнар Қайдарова – 82 дауыс, Жанат Шұғаев – 73 дауыс, Данияр Айтышев – 58 дауыс болып көш бастады. Кандидаттардың партиялық тізімі құрылды. Электрондық дауыс беру нәтижелерін Primaries.kz сайтынан білуге болады.

Конференция соңында 25 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ХХ съезге қатысатын

делегаттар сайланды. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі маслихаттарға сайлау келесі жылдың 10 қаңтарына жоспарланған.

Сондай-ақ, праймеризге қатысушылардың ішінен ең жоғары рейтингі бар, Павлодар облыстық

маслихатына 51 үміткер ішінен тізім құрылды. Соңғы шешім ХХ партия съезінде қабылданады.

Партияішілік іріктеу нәтижелері бойынша «Nur Otan» партиясынан облыстық маслихат

депутаттарының құрамы 67%-ға жаңартылады.

– Бұған дейін айтылғандай, праймериз депутаттықтан үміткерлерге жаңа серпін берді. Орташа жас кем дегенде он жылға кеміді – 44 жасты құрап отыр. Сондай-ақ, партия мықты және бәсекеге қабілетті тұлғалармен толықты. Құрамда сапалы жобаны жүзеге асыратын нәзік жандылар мен жастар бар, – деп «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко атап өтті.