
Мемлекет басшысының судьялар корпусын жаңарту және сауықтыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында аудандық соттарға ұсынылған кандидаттар арасында жұмыс істеп жүрген судьялардың үлесі 31%-дан 14%-ға дейін төмендеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудандық соттардың 583 судьясы, яғни жалпы санының 31%-ы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының түлектері болып табылады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 537 адамды немесе 28,7% пайызды құраған. Олардың 65-і аудандық соттардың төрағалары қызметін атқаруда. Бұл туралы ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты. Судьялардың кадрлық резерві институты да меритократияның тиімді құралы ретінде белсенді дамып келеді. «Кадрлық резервті қалыптастырудың жаңа тәсілдері енгізілді. Егер бұрын бұл процесс екі жылға дейін созылса, қазір іріктеу жылына екі рет өткізіліп, бірнеше ай ішінде аяқталады. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша резервте 149 судья бар. Мұнда басымдық сот төрелігінің сапасы жоғары көрсеткіштерге ие және басқарушылық құзыреттері дамыған тұлғаларға беріледі. 2025 жылы резервтен 47 судья жоғары тұрған және басшылық лауазымдарға тағайындалды немесе ұсынылды. Оның ішінде кассациялық соттарға тағайындаулар да жүзеге асырылды. Салыстыру үшін, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 9 судьяны құраған», – деді Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі. Кеңестің ашықтығы мен институционалдық нығаюына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының Судьялардың IX съезінде берген тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Потенциалды мүдделер қақтығысын болдырмау және судьялардың тәуелсіздігіне кепілдіктерді күшейту мақсатында Кеңес құрамынан Бас Прокурор шығарылды. Кеңес мүшелерінің нақты саны 16 адам болып бекітілді. Оның ішінде Кеңес Төрағасы, 8 судья (әрбір сот сатысынан 2 судьядан, оның ішінде Жоғарғы Сот Төрағасы) және 7 Парламент пен заңгерлік қоғамдастық өкілі бар. Бұл өзгерістер халықаралық стандарттар мен сарапшылар ұсынымдарына толық сәйкес келеді. 2026 жылға арналған негізгі даму бағыты ретінде кадрлық үдерістерді толық цифрландыруға басымдық берілді. Бұл шешім объективтілікті арттыруға, рәсімдердің мерзімін қысқартуға және адами фактордың ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазір кадрлық үдерістерді автоматтандыру жұмыстары басталып кетті. Осы мақсатта «Вакансиялар», «Судьялар тізілімі» және «Соттар тізілімі» модульдерін қамтитын судьяларды іріктеуге арналған жеке ақпараттық жүйе құрылды. Бұл жүйе ашықтықты күшейтіп, мерзімдерді қысқартып, кадрлық шешімдер қабылдаудағы адами фактордың әсерін төмендетуге бағытталған. Жүйені 2026 жылғы шілдеде тәжірибелік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.