Павлодарлық полицейлер интернет-алаяқтық деректерінің азайғанын мәлімдеді

Павлодарлық полицейлер интернет-алаяқтық деректерінің азайғанын мәлімдеді

Соңғы үш айда өңірде интернет-алаяқтықтың 329 жағдайы тіркелді, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 461 осындай қылмыс есепке алынған болатын. Интернет-алаяқтыққа қатысты жағдай туралы @pavlodar.rsk алаңында облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанат айтып берді. Желідегі алаяқтарға қатысты оқиғалардың азаюын ол профилактикалық жұмыстардың күшеюімен түсіндірді. - Бүгінде біздің қызметкерлер мен учаскелік полиция инспекторлары халыққа интернет-алаяқтардың қауіптілігін ескерту үшін пәтерлер мен үйлерді, мектептерді, колледждерді және басқа да ұйымдарды аралап жүр, - деді спикер. - Біз Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтарын жеке мәліметтерін бермеуге, SMS арқылы келетін тексеру кодтарын бөгде адамдарға айтпауға, бейтаныс сілтемелерге өтпеуге және түсініксіз қосымшаларды орнатпауға үнемі шақырамыз. Қандай да бір күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 57 интернет-алаяқтық бойынша күдікті деп танылған 10 адамды және бір топты ұстады. Сонымен қатар, полицейлер өңір тұрғындарын алдау үшін пайдаланылған 43 мобильді құрылғыны, 175 SIM-картаны және 2 SIM-боксты тәркіледі.