Салық түсімдерінің артуы бюджетті нығайтып, инфляцияны төмендетті

Салық түсімдерінің артуы бюджетті нығайтып, инфляцияны төмендетті

2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс бөлігінің бір мезгілде нығаюы және инфляциялық процестің баяулауы тіркелді. ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен туындаған бағаның қысқамерзімдік өсуі экономикада 2025 жылдың аяғында – 2026 жылдың қаңтар-ақпанында байқалды. Қазіргі уақытта бұл инфляцияға әсер етпейді, деп хабарлайды Primeminister.kz. Жедел деректер бойынша 2026 жылғы 1 тоқсандағы мемлекеттік бюджет кірістерінің атқарылуы (трансферттерді есептемегенде) 104,4%. Жоспардағы 6,2 трлн теңгенің орнына бюджетке 6,4 трлн теңге түскен. Асыра орындау – 268,7 млрд теңге. 2025 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің кірісі 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9%-ға ұлғайды. Кірістер бойынша жоспарлардың асып кетуі республикалық және жергілікті бюджеттерде тіркелді. Республикалық бюджеттің кірістері 101,8%-ға орындалды: жоспардағы 4 трлн теңгенің орнына 4,2 трлн теңге түсті. Өсім өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда импортталатын тауарларға КТС (+16,9%), ҚҚС (16% мөлшерлеме бойынша есептелген) (+24,2%), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (+35,7%) сияқты ірі салықтар бойынша қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері 109,3%-ға орындалды: жоспардағы 2,09 трлн теңгенің орнына 2,29 трлн теңге түсті. Өткен жылғы өсім 3,1% (+68,8 млрд теңге). Жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимінде 392 мың жеке тұлға тіркелген. ҚҚС төлеушілер саны 10 мың субъектіге артты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша инфляцияны төмендетудің тұрақты үрдісі сақталуда. Наурызда инфляция қарқыны қаңтар-ақпандағы 1,0-1,1% салыстырғанда 0,6%-ға дейін баяулады. Төмендеу алтыншы ай қатарынан байқалады: 2025 жылғы қыркүйектегі ең жоғары мәннен кейін (12,9%) инфляция біртіндеп баяулауға көшті және 2026 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 11%. ҰЭМ болжамы бойынша, 2027 жылдың басында инфляцияның бір мәнді деңгейіне шығу ықтималдығы жоғары.