Павлодарлық құтқарушылар балықшыларға мұз үстіне шықпауға кеңес берді

Павлодарлық құтқарушылар балықшыларға мұз үстіне шықпауға кеңес берді

Ауа температурасы көтерілгеннен кейін Ертіс өзені мен басқа да су айдындарындағы мұздың құрылымы күрт өзгерді. @pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, бүгінгі таңда Ертістегі мұздың қалыңдығы әлі де 50 сантиметр шамасында. Дегенмен, күннің жылынуына байланысты оның құрылымы өте бос (кеуек) болып барады. - Мұндай жағдайда мұз астына түсіп кетудің нақты қаупі бар, - деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қасымов. - Ешқандай балық, ешқандай олжа адамның өмірі мен денсаулығынан қымбат емес екенін есте сақтаған жөн. Сондықтан балықшыларымызды су айдындарында мұз үстіне шықпауға шақырамыз. Мамандардың айтуынша, мұз үстіндегі балықшылар тек өздеріне ғана емес, қоршаған ортаға да зиян келтіруі мүмкін. Жыл басынан бері өңірде су айдынында автокөліктің мұз астына түсіп кетуінің үш жағдайы тіркелді. Екі оқиға сорғы станцияларының бірінде және Екібастұздың ауылдық аймағындағы Ащысу өзенінің арнасында болған. Әр жағдай бойынша балықшыларға 7 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Фото: Gemini