Павлодар облысында зардап шеккендері бар ЖКО саны 20%-ға азайды

Павлодар облысында зардап шеккендері бар ЖКО саны 20%-ға азайды

Жергілікті полицейлер бұны ішінара Павлодар – Астана тас жолындағы жылдамдықты шектеу шараларымен байланыстырады. Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері өңірде 188 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 283 адам зардап шеккен. Өткен жылдың осы кезеңінде тәртіп сақшылары 13 адамның өліміне және 323 адамның жарақаттануына әкеп соққан 234 апатты тіркеген болатын. - Талдау көрсеткендей, адам өлімімен аяқталған жол апаттары мынадай себептерге байланысты болған: арақашықтықты сақтамау, қарсы бағытпен кезігу немесе озу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жаяу жүргіншілерге басымдық бермеу, - деп мәлімдеді @pavlodar.rsk алаңында Павлодар облысы Полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Ақебаев. - Жүргізушілердің рөлде ұйықтап қалу жағдайлары да кездеседі. Мәселен, демалыссыз ұзақ уақыт жолда жүретін такси жүргізушілерін айтуға болады. Жыл басында Астана бағытындағы тас жолда жылдамдықты сағатына 110 шақырымға дейін шектеудің енгізілуі де апаттар санының азаюына өз септігін тигізді. Сонымен қатар, полицейлер кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол апаттарының көбейгенін атап өтті. Биыл мұндай 49 жағдай тіркеліп, екі бала қаза тауып, 56-сы жарақат алған. Жаяу жүргіншілер қатысатын жол-көлік оқиғаларының саны да артқан. Бұдан бөлек, 2026 жылдың басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 3 апат болып, соның салдарынан бір адам қаза тауып, 8 адам түрлі жарақат алды.