Конституциялық комиссияның отырысында жаңа Конституцияда сот шешімінсіз баспанадан шығаруға жол бермеуді бекіту ұсынылды

Конституциялық комиссияның отырысында жаңа Конституцияда сот шешімінсіз баспанадан шығаруға жол бермеуді бекіту ұсынылды

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында бірқатар жаңа толықтырулар қаралды. Соның ішінде азаматтарды негізсіз тұрғын үйден айырудан қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған маңызды нормаға баса назар аударылды. Бұл әлеуметтік маңызы жоғары бастаманың өзектілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті.

Жаңа Конституция жобасында меншік нысандарының барлық түрін бекіту ұсынылды. ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, 8-баптың 1-тармағын жаңа редакцияда ұсыну көзделіп отыр: «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады».

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген құқығын оның қауіпсіздігі мен өмірінің іргелі элементі ретінде бекітудің маңызын атап өтті.

«Баспанада тұруға және одан шығаруға қатысты дауларды тек сот қана шешуге тиіс. Сондықтан Конституцияда келесідей норманы бекіту ұсынылады: сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейді. Біреулер бұл қолданыстағы заңдарда онсыз да бар деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл қағиданы негізгі құқықтық құжатта бекіту оның заңды тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деді Ластаев.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сондай-ақ жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың анағұрлым орнықты әрі ашық жүйесін қалыптастыратынын атап өтті. Ол құқықтық айқындықты жүйелі түрде күшейтіп, сот арқылы қорғау тетіктерін кеңейтеді және адамға бағдарланған тәсілді мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаты ретінде бекітеді.

«Жаңа Конституция жобасы азаматтар күнделікті өмірде бетпе-бет келетін жағдайларды ескереді және адамның негізгі құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін шешімдердің алдын алуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, ол әділеттілікке, қауіпсіздікке және адамның қадір-қасиетін құрметтеуге қатысты қоғамдық сұранысқа жауап береді. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері мен талқылаудың ауқымын ескере отырып, ұсынылған жоба азаматтардың мүдделерін көрсететін әрі олардың күтулеріне сай келетін құжат ретінде жалпыұлттық референдумға шығарылып, қолдау таба алады», – деді Артур Ластаев.