Павлодар облысының тұрғындары полиция қызметіне онлайн форматта өтінім бере алады

Павлодар облысының тұрғындары полиция қызметіне онлайн форматта өтінім бере алады

Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша qyzmet-police.kz арнайы сервисі жұмыс істей бастады.

Ішкі істер органдарына кадрларды іріктеу жұмысы туралы @pavlodar.rsk алаңында өңірлік полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев айтып берді. Ол жаңа сервистің кандидат үшін барлық кезеңдерді, соның ішінде өтінім беруді, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтуді, полиграфологиялық зерттеуді және конкурстық комиссиядан өтуді біріктіргенін атап өтті.

— Бүгінгі таңда біз белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін және полиция қызметіне жарамды деп танылған, жасы 35-тен аспаған жастарды қабылдап жатырмыз, — деді спикер. — Қызметке кандидаттарды іріктеудің негізгі көзі — азаматтық жастар. Сондай-ақ ішкі істер органдарына ведомстволық оқу орындары: Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары және Ақтөбе заң институты арқылы түсуге болады.

Еңбекақыға келетін болсақ, мысалы, учаскелік инспектор қызметке тұрған алғашқы жылы шамамен 280 мың теңге алады. Тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер және батальон қызметінің инспекторлары туралы айтар болсақ, жаңадан келген қызметкер шамамен 190 мың теңге жалақыға үміт арта алады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшыларының кейбір санаттары тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда олар отбасының әрбір мүшесіне 68 мың теңгеден асады.

Полиция органдарындағы жұмысқа қатысты барлық сұрақтар бойынша + 7 (7182) 391080, 391081, 391072, 391504, 377865 телефондары арқылы хабарласуға болады.

Фото: Gemini