
2025 жылы Қазақстанның көлік саласы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тасымалдау тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі дамуды жалғастырды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Қазақстан «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерін және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Еуразия құрлық көпірінің рөлін тұрақты түрде арттыра отырып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі дәнекерге айналып отыр. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жылжымалы құрамды жаңарту, көлікті бақылауда цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық бағыттар желісін кеңейту еліміздің өңірдегі негізгі транзиттік хабтарының бірі ретінде позициясын нығайтуға ықпал етті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 6,6%-ға артық (34,6 млн тонна).
Транзит көлемінің артуы – автомобиль, теміржол, әуе және су көлігін кешенді дамытудың, сондай-ақ логистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәйекті жұмыстың нәтижесі.