
Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасына, ұсынылып отырған жаңашылдықтарға, сондай-ақ қоғамда жүріп жатқан талқылауларға қатысты өз пікірлерін білдірді.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, Конституциялық реформаға қатысты азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары e-Өтініш платформасына әлі де келіп түсуде. Қазір олардың жалпы саны 4 мыңнан асты.
Сонымен қатар ҚСЗИ басшысы азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін, құндылықтар мен қағидаттарды бекітетін тұғырлы мәтін ретінде қабылдай бастағанын атап өтті.
«Азаматтардың ұсыныстарында Конституциялық нормалар нақты қолданбалы сипатқа ие болып, күнделікті өмірге, әлеуметтік әділетке және мемлекеттік шешімдердің сапасына тікелей ықпал етуге тиіс деген үміт айқын көрініс тапқан», – деді Жандос Шаймарданов.
Оның айтуынша, Конституциялық реформа азаматтардың қатысуымен және қоғамның қолдауымен жүргізіледі.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ұлттық және халықаралық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
«Жаңа Конституция жобасында халықаралық келісімдер өз күшін сақтайды, алайда Конституцияға ғана ең жоғары құқықтық күшке ие болады. Мұндай үлгі халықаралық келісімдер мен Конституция нақты айқындалған иерархияда орналасқан мемлекеттердің басым көпшілігінің тәжірибесіне сәйкес келеді. Қайшылық туындаған жағдайда Конституция қолданылуға жатады. Бұл тәсіл халықаралық міндеттемелерді шектеуге бағытталмаған, керісінше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілі, өйткені халықаралық келісімнің конституциялық негіздерге сәйкестігі алдын ала тексерілмей автоматты түрде қолданылуына жол бермейді», – деп атап өтті Мұрат Әбенов.