2025 жылы 27,4 мың адам скорингтік модель арқылы қосымша қолдау алды

2025 жылы 27,4 мың адам скорингтік модель арқылы қосымша қолдау алды

Қарағанды облысында және Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқат деңгейін айқындауға арналған скорингтік модельді қолдану арқылы мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. 2025 жылы скоринг мемлекеттік қызметтердің 4 түрін көрсету кезінде қолданылып, нәтижесінде 27,4 мың өтініш беруші қосымша қолдау шараларына ие болды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазіргі уақытта «Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» сияқты үш қызметті тағайындау кезінде пилоттық аймақтарда скорингтік модель қолданылады. 

Пилоттық жоба аясында тұрғын үй көмегі түріндегі қолдауға 1 942 адам өтініш білдіріп, барлық өтініштер қанағаттандырылды.
Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 2 356 өтініш түсті. Скорингтік модель бойынша оларды қарау нәтижесінде 913 отбасының әл-ауқатының жоғары деңгейі анықталды.

«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне өтініштер 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қабылдана бастады. Барлығы 1 741 өтініш түсіп, ұпай саны бойынша оның 44-і әл-ауқаты бойынша 6-санатқа жататын отбасылардан екені анықталды.

Сонымен қатар Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы мектептерінің әлеуметтік педагогтары үшін «Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету» қызметіне өтініштерді қабылдау кезінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін тексеру функционалдығы енгізілді.

Скорингтік модельге қолжетімділікті қамтамасыз ететін платформаны 317 мектеп (Қарағанды  облысы – 202, Шымкент қаласы – 115) пайдаланады. Аталған білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтері 22382 өтінішті қарады, оның ішінде балл жинау нәтижесі бойынша 74-і тұрмысы жоғары отбасылардан (Қарағанды облысы – 16, Шымкент қаласы – 58) болды.
Пилоттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан әл-ауқатының жоғары деңгейіне (6-деңгей) жатқызылған отбасылар қосымша қолдау шараларына мұқтаж емес екені анықталды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуы қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау жүйесін трансформациялауға кірісіп, санаттық қағидаттан мұқтаждық критерийлеріне көшу көзделген.