
Арнайы құрылғылар өртті уақытылы анықтауға, адамдардың өлімін болдырмауға және ықтимал материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
@pavlodar.rsk-те өткен баспасөз конференциясында 1 қазаннан бастап Павлодар облысының тұрғын үй секторында 22 өрт тіркеліп, 3 адамның өмірін қиғаны хабарланды. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға өртті анықтау датчиктерін орнатуды қайтадан ұсынды. Себебі, бұл қазіргі өрт қауіпсіздігі ережелерінің міндетті талабы.
– Түтін дабыл қаққыштары еркін сатылымда бар және олардың бағасы шамамен 2,5-3 мың теңгені құрайды, – деп атап өтті Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов. Датчик пәтердегі немесе жеке үйдегі қабырғаға немесе төбеге оңай орнатылады. Қызмет көрсетуге келетін болсақ, оның батарейкаларының дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отыру жеткілікті. Бұл қарапайым құрылғы адамның денсаулығын немесе тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Айта кетерлігі, ТЖ қызметінің өкілдері көппәтерлі немесе жеке үйлерде түтін дабыл қаққыштарының бар-жоғын тексеруге құқылы емес. Дегенмен, мамандар тұрғын үй иелерінің бұған жауапты екенін ескертеді.