Қысқа дайындық

Қысқа дайындық

Аудан әкімі Жанат Шұғаевтың төрағалық етуімен кеңейтілген аппарат отырысында қыс уақытында ауыл жолдарының жағдайын бақылау мәселесі қарастырылды.

Қылышын сүйретіп қыс келе жатқаны белгілі. Қысқа дайындық пен ауыл жолдарының жағдайын бақылауда ұстау – аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің құзырында. Біраз күндерден кейін көктайғақ басталып, жолда жүріп-тұру көлік жүргізушілеріне қиындық туғызуы мүмкін. Қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатымен көктайғақтың алдын алу шаралары қолданылатын болады. Бұл туралы жиын барысында аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов баяндады:

– Аудан жолдарының жағдайын қысқы уақытта бақылау мақсатымен 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеке кәсіпкер «Симков»-пен келісім-шарт жасасқан едік. Оның иелігінде қар тазалау үшін қажетті арнайы техниканың барлық түрлері бар, оның ішінде ЮМЗ екі тракторы, КДМ екі дана, жүк машинасы, автогрейдер және тб. Сонымен қатар, көктайғаққа қарсы қолданылатын құм мен тұз араласқан қосынды жеткілікті мөлшерде сатып алынған, – деп түсіндірді бөлім басшысы Серік Қайыргелдіұлы.

Ауылға кіреберіс жолдар мен ауылішілік жолдарды қардан тазалау ауылдық округ әкімдіктері қаражатынан қамтамасыз етіледі. Ауылдық округ әкімдіктері бұл мақсатқа жыл соңына дейін екі млн. теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр. Сонымен қатар, қыс уақытында ауыл іші жолдарын қардан тазалуды «Ауыл-Су» МКК қамтамасыз етеді.