Бүгін Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев аудан ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтады. Бұл күнді Даналық күні деп те атайды – өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері әр буынға қажет жандарға деген ерекше құрмет күні.
Әкім ардагерлердің аудан өміріне белсене араласып, жастарға өнеге көрсетіп жүргенін атап өтіп, туған жердің дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, ардагерлерге мықты денсаулық, отбасылық береке және ұзақ ғұмыр тіледі.
Құттықтауларға аудандық мәслихат төрағасы Жанат Шугаев, ардагерлер кеңесінің төрайымы Роза Шагирова және аудандық аналар кеңесінің төрайымы Баян Токсанбаева да қосылды. Олар да аға буынның еңбегі мен қамқорлығына ризашылық білдіріп, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Дереккөз: "Заман тынысы" - "Нива" газеті.