Құс тұмауынан сақтаныңыз!

Құс тұмауынан сақтаныңыз!

Құс тұмауының алдын алу мәселесі аудан әкімі Жанат Шұғаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында талқыланды. Бүгінде облыста екі ауданда құс тұмауы анықталып, Тереңкөл және Железин аудандарында орын алғаны белгілі.

«Ветсервис» КМК директоры Шайқаппас Ахметов құс ұстайтын аудан тұрғындарына алдымен үйдегі тауық, қаз, үйректердің жүріс-тұрысына назар аудару керек деді. Ауру жұқтырғанның алғашқы белгісі – қауырсындары мен көздің шырынды қабаттары өзгеріп, басын көтеруі жиі байқалады. Егер үйдегі құс тұмау жұқтырды деп күдіктенетін болсаңыз, мал дәрігерлерінің көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, ауру жұқтырған құсты сою адам өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін.

– Құс тұмауы анықталған жағдайда барлық үй құсының көзін жоюға тура келеді. Оның ішінде ауру-сауы деп бөліп жатпайды. Сондықтан да, біз тұрғындарға алдымен аурудың алдын алуға көңіл бөлу керек екендігін ескертеміз. Ауданда ауруға қарсы екпе жеткілікті мөлшерде бар, – деп түсіндірді Шайқаппас Зарыққанұлы.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, құс ұстайтын аудан тұрғындарына абай болу қажет. Жергілікті мал дәрігеріне өтінім беріп, құстарды егіп алу мүмкіндігі бар. Алғаш рет Павлодар облысы аумағында құс тұмауы 2005 жылы Ертіс ауданының Голубовка ауылында анықталған болатын. Абырой болғанда, аурудың адамға жұққан дәйектері болған жоқ. Дегенмен, «сақтансаң сақтайды» дегенді ұмытпағанымыз жөн.