ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

Ұстаздар төл мерекесі биылғы жылы пандемияның таралуына байланысты көпшілік үшін бейнебайланыс арқылы өтіп, шараға шақырылған мұғалімдерді аудан әкімі Жанат Шұғаев құттықтап, үздіктеріне марапаттарын табыстады.

Соңғы жылдары Павлодар ауданының білім саласында айтарлықтай жетістіктер бар екені қуантады. Осыған дейін аймақтағы аудандар арасында ҰБТ көрсеткіштері бойынша соңғы болып, жиі сын айтылатын Павлодар ауданы биыл ғылыми жобалар және олимпиада нәтижелері бойынша үздік аудандық команда атанды. Осы және өзге де жетістіктерді атап өтіп, аудан әкімі ұстаздардың

еңбегі қашан да құрметке лайық екендігін айтты.

– Ауданымыздың 26 мектебінде 4108 оқушыға 662 мұғалім тәлім беруде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келіп, ұстаздық жолын таңдаған жастар бізді сөзсіз қуантады. Мұғалімге құрмет көрсету арқылы біз білімді терең меңгеріп, ғылымды игеруге жол ашамыз.

Адамшылық қалыбымызды түзеп, арман-мұратымызға асықпай жетеміз. Қазақ даласында алғашқы мектеп ашып, ағартушылық жасаған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Маған

жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – деп мұғалімнің қоғамдағы орны төрде екенін көрсетеді. Бұл сөздің растығын әрбіріміз анық аңғарамыз.

Содан кейін әріп танытып, өмір үйреткен ұстаздарға алғысымызды жаудыра отырып, шәкірттік шынайы ықыласымызды білдіреміз. Біліммен баулып, биікке ұшыратын оқушыларыңыздың оқуда озат, өмірде патриот болуына тілектеспін! – деді аудан басшысы.

Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай бірқатар мұғалімдер, мектеп директорлары аудан әкімінен марапатқа ие болды. Оның ішінде Коряковка бастауыш мектебінің меңгерушісі Ерболат Нұға,

Мичурино мектебінің директоры Айнаш Абдыманова да бар. Сондай-ақ, бұл күні Кемеңгер орта мектебінің директоры Төлеужан Байызбаева мен Мичурино орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Жұлдыз Әлменова Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың Құрмет грамотасына ие болды. Шәкірттерін шыңнан көріп, білім саласында елеулі жетістіктерге жеткен тағы бірқатар мұғалімдер аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен аудандық мәслихат хатшысының марапатына ие болып, барлығы елуден астам ұстаз білім бөлімі тарапынан құттықтауларға ие болды.