Лайықтылар анықталды

Лайықтылар анықталды

4 қазанда «Nur Otan» партиясы кадрлық резервіне жүргізілген іріктеу нәтижелері белгілі болды. Партияның облыстық филиалында праймеризге белсенді қатысқан жандар құрметтелді. Павлодар ауданынан үміткер, басым дауысқа ие болған, «Заман тынысы» және «Нива» газеттерінің редакторы Дариға Қаржауова аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың қолынан Алғыс хат алды.

– Праймериз партия өкілдерімен қатар, жалпы қазақстандықтардың белсенді азаматтық көзқарастарын танытты. Бұл – қазақстандық қоғамның дамуының маңызды кезеңдерінің бірі, – деп атап өтті Әбілқайыр Бақтыбайұлы облыстық филиалда өткен салтанатты шарада.

Павлодар ауданында 1558 партия мүшесінің 1555-і дауыс беруге қатысқан. Дауыс беру рәсімі ғаламтор нашар жұмыс жасайтын Заңғар ауылынан басқа елді мекендердің бәрінде онлайн форматта өтті. Аталмыш елді мекенде арнайы учаске ашылып, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беру рәсімі жүзеге асырылды. Сайлаушылар жүз пайыз қатысты.

Заңғар және Коряковка бастауыш партия ұйымдарының 94 партия мүшесі сенім артқан

үміткерлеріне өз дауыстарын беруге жиылды. Далада, учаскеге кірер жерде белсенді

үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатты. Үміткерлер келген адамдарды өз сайлауалды

бағдарламаларымен таныстырып, флаерлер таратып, сауалдарына жауап берумен болды.

Праймериздің тәмамдалуына байланысты салтанатты шара аудандық филиалда да өтті.

Кеше ғана үміткер болған жандарға партияның аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі

Жанат Шұғаев ыстық ықыласын жеткізді:

– Праймериздің сәтті тәмамдалуымен құттықтаймын. Дауыс берген партия өкілдері саны бойынша облыста ең жоғары көрсеткіштердің бірі біздің ауданымызда деп мақтанышпен айта аламын. Белсенділік танытқандарыңыз үшін алғысым шексіз!

Әкімнің айтуынша, аудандық филиалда партияішілік сайлауға қатысқандардың бағдарламаларын зерттеп, бірыңғай бағдарламалық құжатқа біріктірген, болашақта ол аудан игілігіне қызмет етпек.

Праймериз қатысушыларын ең жас үміткер Еламан Асылбеков, аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты Бақытбек Баткеев құттықтап, науқанның ашық та адал өткенін атап өтті:

– Праймериз мақсаты – ең үздік және лайықты партия өкілдерін іріктеу болып табылады. Осындай адамдар ғана басқару қызметтерінде және депутаттық корпуста еңбек етулері тиіс. Естеріңізге салар болсақ, науқан басталар алдында Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы мүшелері қатарларынан бәсекелестік негізінде жоғары қоғамдық қолдауға ие көшбасшыларды таңдау міндетін қойған болатын. Партияішілік іріктеуге қатысқан үміткерлер үшін праймериз нағыз беріктікке сыналу, саяси қабілеттерін көрсету мүмкіндігі мен өз көзқарасын қорғау алаңына айналды.