Бүгін Павлодар ауданы үшін тарихи әрі қуанышты күн болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ауданның 60-тан астам қызметкері марапатқа ие болды. Оларға Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан Құрмет грамоталары, сондай-ақ аудан әкімі Дидар Ибраевтың атынан Алғыс хаттары табыс етілді. Сонымен қатар, көп балалы алтын құрсақты аналар “Күміс алқа” иегері атанып, аудан басшысының құттықтауына бөленді. Марапатталғандардың қатарында тек дәрігерлер мен мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге қарапайым еңбек адамдары– жүргізушілер, электриктер, жұмысшылар болғаны әсіресе қуантады. Бұл – ауданның дамуына үлес қосқан әрбір жанның еңбегіне берілген әділ баға. Аудан әкімі Дидар Ибраев өз сөзінде: «Әрқайсыңыз өз орныңызда адал еңбек етіп, Павлодар ауданының өркендеуіне үлес қосып отырсыздар. Сіздердің еңбектеріңіз – біздің ортақ жетістігіміз», – деп атап өтті. Салтанатты шара әсем концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сахна төрінде ауданның шығармашылық ұжымдары, әншілер мен өнерпаздар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Барша жұртшылықты мерекемен белгілі өнер иесі Серік Мұсалімов құттықтап, ән шашуын арнады.