Бірлікте жаңа мектептің ашылуы – ауыл өміріндегі тарихи сәт

Бірлікте жаңа мектептің ашылуы – ауыл өміріндегі тарихи сәт

Бүгін, Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толған мерейлі күні, Павлодар облысының Бірлік ауылында жаңа мектептің тұсауы кесілді. Көптен күткен білім ордасы облыс әкімі Асайын Байхановтың уәдесіне сәйкес жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне берілді. – Халықтың сенімі – біздің тікелей жауапкершілігіміз. Ата-аналар мен ауыл тұрғындарына қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ал жаңа мектептің бой көтеруіне атсалысқан барша жанға рақмет. «Мықты ел – мықты мектептен басталады» деген сөз бар, біз осыған сенеміз. Жаңа мектеп – балаларымыздың жарқын болашағына жол ашады дке сенемін, – деді өңір басшысы. Бұл мектептің құрылысы ауыл тұрғындарының өтінішінен кейін қолға алынған. Өткен көктемде ауылдықтар облыс әкімімен кездесіп, балалардың өз ауылында оқуына жағдай жасауды сұраған болатын. Осы уақытқа дейін бірліктік оқушылар көрші Заря ауылына автобуспен қатынап келген еді. Күн сайын төрт рет қатынайтын көлік балаларды апарып-алып жүретін. Енді бұл қиындық артта қалды. 120 орындық жаңа мектептің 80 орны – оқушыларға, 40 орны – шағын орталыққа арналған. – Мектеп бар жерде – өмір бар. Енді ауыл өсіп-өркендейді, жаңа жұмыс орындары ашылды, – деп ауыл тұрғындары қуанышын білдірді. Жаңа мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, оффтейк-келісімшарты механизмі арқылы салынды. Мердігер мектеп оқушыларына сыйлық ретінде жобадан тыс хоккей кортын салып беріп, волейбол, футбол, хоккей формаларымен қатар, 80 балаға мектеп формасын берді.