«Тіл – рухани қазына» тақырыбында кезекті көшпелі семинар 2025 жылғы 19 мамырда Железин ауданында жалғасын тапты. Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға Торайғыров университетінің профессоры, ф.ғ.д. А.Қ.Тұрышев, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» облыстық филиалының мүшесі А.Т. Оралқанов, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі М.Т. Нұғыман, облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Б.Қ. Қайыр, Железин ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Р.Қ. Усина, сонымен қатар аудандық мектептердің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары және «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының мүшелері қатысты.
Семинар мақсаты ұстаздардың өскелең ұрпаққа ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыру мен ұлт құндылықтарын шәкірт санасына сіңдіру тұрғысындағы рөлін арттыруға бағытталған.
Шара барысында сонымен қатар «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы, көрнекі ақпарат, оқыту, құжат айналым, аударма мәселесімен қатар тіл саясатына қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Сондай-ақ мәжіліске қатысқан ұстаздар мен тіл жанашырлары тарапынан ономастика бойынша да мәселелер көтерілді. Сала мамандары бұл бойынша да бағыт-бағдар беріп, заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулерді жан-жақты түсіндірді.
Семинар соңында ауданда тіл саясаты жұмыстарына үлес қосқан азаматтар басқарма басшысының алғысхатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.