Павлодарда облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті

Павлодарда облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті

Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» конкурсы өткізілді.

Аталған байқау – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын ашу, «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындау арқылы сынға түсті.

Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті ЖОО-ның ғалымдары бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орын Успен ауданының үміткері Жусупов Аманжолға бұйырса, II орынды Шарбақты ауданының қатысушысы Қадас Қожасұлтан иеленді, ал III орынға Павлодар қаласының үміткері Рспаев Измат лайықты деп танылды.

Барлық қатысушылар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.