Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы бастау алды

Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы бастау алды

Павлодарда Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Ана тілі» орталығында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы бастау алды.

Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылады.

Аталған курсқа тілді меңгеру деңгейі әртүрлі және әртүрлі жастағы тыңдаушылар қатысуда. Тілді оқыту қарапайымнан күрделіге дейінгі деңгейлер бойынша жүргізіледі. Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өткізіледі.

Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады.

Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталатын болады.

Екінші маусымдағы курстармен 120 тыңдаушы қамтылатын болады.

Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары басталып, жұмыстар жүргізілуде.

Тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.