«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ

«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыру және тіл мәдениетін жетілдіру мақсатында 2022 жылғы 25 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.

Байқаудың мақсаты – ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу, тіл саясатын жүзеге асыруға белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру.

Республикалық байқауға кәсіпкерлік субъектілерінің жарнама мәтінін әзірлейтін және мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандар мен жеке азаматтар қатысты.

Аталған байқау екі тур бойынша облыстық және республикалық деңгейде өткізілді.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Ақмола облысының үміткері Қайыров Біржан Болатұлы мен Павлодар облысының қатысушысы Нұғыман Лейла Мейрамқызы өзара бөлісті, II орынға Қарағанда облысының үміткері Борибаева Улдархан Бескемпировна және Атырау облысының тумасы Тасмұқанов Серік иеленсе, III орынға Алматы облысынан келген Мамырбаева Гульнар мен Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Тоқпанов Әнуар Бердібекұлы лайықты деп танылды.

Конкурс қатысушылары диплом, алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.