«Тіл жанашыры» облыстық конкурсы

«Тіл жанашыры» облыстық конкурсы

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылғы 27 қазанда «Тіл жанашыры» облыстық конкурсын өткізді. Бұл конкурс биыл алғаш рет ұйымдастырылуда.

Мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясының кеңеюіне зор үлес қосып, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған жұмыстар мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және өңіріміздегі тіл саясатының жүзеге асуына үлес қосып,  мәдениетіміз бен тарихымызды, салт-дәстүріміз бен дінімізді жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды кейiнгi ұрпаққа үлгі-өнеге етіп жүрген тұлғалар қатысып, бақ сынады.

Қатысушылардан түскен материалдар мен құжаттарды «Павлодар  облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесі жанынан құрылған әділқазылар құрамы қарастырып, жеңімпаздарды анықтады.

Әділқазылардың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға тікелей үлес қосқан Аққулы ауданының үміткері Бердімұрат Сайфулин «Тіл жанашыры» номинациясы, Баянауыл ауданының үміткері Садвакасова Махаббат «Тіл майталманы» номинациясы және Ақтоғай ауданынан қатысқан Риза Маней «Тіл жаршысы»  номинациялары бойынша марапатталды.