Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылғы 7 қазанда А. Байтұрсыновтың 150 жылдығы және Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында «Тіл – достық құралы» тілдер фестивалі ұйымдастырылды.
Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық, тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Осы мақсатта жыл сайын бұл мереке Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстарды мәдени-рухани қолдау бағытында аясы кеңіп, алар асуын айқындаған игі шара ретінде тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Мерекелік іс-шара барысында шақырылған қонақтар үшін қазақ ұлттық аспаптар ансаблінің орындауында қазақ әуендері шырқалды.
Концерттік бағдарламаның ашылу салтанатының алғы сөзін басқарма басшысының міндетін атқарушы М. Тауасқан алып, ұлтаралық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңызына тоқталып, тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Аталған іс-шараға этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, өңіріміздің тіл жанашырлары, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.