Облыс кәсіпкерлері арасындағы «Парасатты кәсіпкер» конкурсы

Облыс кәсіпкерлері арасындағы  «Парасатты кәсіпкер» конкурсы

2022 жылғы 2 қыркүйекте «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және Қазақстан халқының тілдері күні аясында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен облыс кәсіпкерлері арасындағы «Парасатты кәсіпкер» конкурсы өтті.

Аталған байқау өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қоғамның барлық саласында қолданылу аясын кеңейту және әлеуметтік ролін арттыру, облыс кәсіпкерлерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға қатысқан үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, әдiл бағасын беретiн қазылар алқасының құрамына: Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, «Найзатас» журналының бас редакторы Әбіш Асыл Әлімжанұлы, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Абылғазина Ажар Арыстанқызы шақырылды.

Конкурсқа Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерден құралған 7 команда қатысты. Олар конкурс барысында түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау кезінде өздерінің әртістік, тапқырлық қабілеттерін, сонымен қатар кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аудару қабілеттерін көрсетіп, ситуациялық жағдайдан шығуда шығармашылық шеберліктерін танытты.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар шешімімен І орынға «Алтын» командасы (Павлодар қаласы), екінші орынға «Қыран» командасы (Екібастұз қаласы) және үшінші орынға «Денсаулық» командасы (Павлодар қаласы) лайықты деп танылды.

Сонымен қатар Ақсу қаласының «Асыл мұра» командасы «Белсенді кәсіпкер» және Екібастұз қаласынан келген «AF show» командасы «Білгір кәсіпкер» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. «Таза әлем» мен «Ар» командалары ынталандыру сыйлықтармен марапатталды.

«Парасатты кәсіпкер» конкурсының барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.